30 мамырда Түркияға жұмыс сапарымен барған Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Түркия сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Өналмен кездесті.
Келіссөз барысында тараптар екі ел басшыларының стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемедегі уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталған.
Екі мемлекеттің СІМ орынбасарлары Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті институционалдық даму мәселелерін және трансформация процесін іске қосуды егжей-тегжейлі талқылаған.
Түрік тарапы Азия кеңесінің халықаралық ұйым болып қайта құрылуына саяси қолдауын растап, халықаралық қатынастар дамуының қазіргі кезеңіндегі бұл қадамның ерекше өзектілігін атап өткен. Кездесуде екі елдің сыртқы саясат өкілдері АӨСШК-нің 2022 жылғы қазандағы саммитіне дайындық барысы және оның мазмұнды толықтырылуы туралы пікір алмасқан.
Тараптар жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы іс-шаралар кестесін талқылап, Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі ағымдағы мәселелер бойынша тығыз байланыстар орнатуға келісті.