Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 тамызда Ресейге, 24 тамызда Әзербайжанға ресми жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
“19 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласына (Ресей Федерациясы) жұмыс сапарымен барады. 24 тамыз күні мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің шақыруымен Баку қаласына ресми сапармен барады”, – делінген хабарламада.
Сочиға сапар барысында Қазақстан мен Ресей басшылары кездесіп, екі елдің стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту тақырыбын талқылайды.
Ал, Әзербайжан астанасында екі ел басшысының шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулері жоспарланып отыр. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беріле отырып, қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін дамыту мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады.