Антикор: Мұхамедиұлы ісіне қатысты шығын 7 млрд теңге

0
148
Арыстанбек Мұхамедиұлы.

26 тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен өзге де тұлғаларға қозғалған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлады. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Агенттік хабарлауынша, тергеу амалдары “Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі” халықаралық көрмесін өткізу, “Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу”, “Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру” жобаларына бөлінген қаражаттың ұрлау фактілері бойынша жүріп жатыр.

“Бұдан бөлек, Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі болып тұрған кезде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне “Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі”, “Қазақ энциклопедиясы”АҚ және “Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты” компаниясын заңсыз беруге қатысы тексеріліп жатыр” деп жазылған антикор хабарламасында.

Антикор таратқан ақпаратқа қараағанда, “тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығынның көлемі алдын ала мәлімет бойынша шамамен 7 млрд теңгені құрайды”. Арыстанбек Мұхамедиұлының қамау мерзімі 4 айға дейін, яғни 26 қыркүйекке дейін ұзартылған.

Арыстанбек Мұхамедиұлының қамалғаны мамырдың соңында белгілі болған. Ол сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істің астары барын айтқан. Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық музейдің лауазымды тұлғалары 146 млн теңге қаражатты ұрлады деген күдікке ілініп отырғанын хабарлаған. Шілде ортасында агенттік Мұхамедиұлы ісінде 1,2 млрд теңге қаражаттың “жымқырылғаны туралы” тағы бір эпизод пайда болғанын хабарлаған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары мәдениет министрі болды. Кейінгі үш жылда Ұлттық музейге жетекшілік еткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз