27 қазанда Астанада Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ресми ашылуы өтті.
Концерт бағдарламасы аясында “Манас” эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды.
Мәдени шараның ресми ашылуына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишель қатысты. Олар Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған “Ықылым мұрасы” көрмесімен танысты. Содан соң қырғызстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауырластығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейнесін сомдап, екі халыққа кең тараған ән-күйлерді орындады.