Астанада ТМД елдері үкімет басшыларының отырысы басталды

0
145
ТМД елдерінің премьер-министрлері. Photo: baigenews.kz

28 қазан күні Астанада ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы басталдып. Жиынды Қазақстан премьері Әлихан Смайылов ашық деп жариялады.

“Бүгінгі кездесу – ТМД аясында әлемдік және өңірлік экономикалық күн тәртібіндегі өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасу мүмкіндігі. ТМД аясында барлық қатысушы мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай келетін серіктестікті тереңдету бағытында жүргізіліп жатқан жұмысқа оң баға береміз. Қазіргі қиын жағдайда Достастық бір орында тұрған жоқ, жаңа бағыттар іздестіріп жатыр. Бұл қуантарлық жайт”, – деді Смайылов.

Қазақстан премьер-министрі ТМД-дағы әріптестеріне бірлескен табысты жұмыс үшін алғыс айтып, ТМД атқарушы комитетіне Қазақстан төрағалығы кезеңінде іс-шараларды ұйымдастыру бойынша тиімді жұмыс үшін ризашылығын білдірді.

Жиынға Әзербайжан премьері Али Асадов, Беларусь премьері Роман Головченко, Тәжікстан премьері Кохир Расулзода, Өзбекстан премьері Абдулла Арипов, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян және Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гельдимырадов қатысып жатыр.

Үкімет басшылары, алдымен, шағын құрамда кездесу өткізеді. Кейін отырыс кеңейтілген форматта жалғасады.

Кезекті отырыс барысында премьер-министрлер ТМД-дағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы пікір алмасады.

Күн тәртібінде:

  • ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу;
  • 2023 жылы Беларусьте ТМД елдерінің II Ойындарын өткізу;
  • Қоғамдық денсаулық саласында санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және ден қою мәселелері;
  • Ғылыми-техникалық және технологиялық ынтымақтастық туралы тұжырымдамасы;
  • Химиялық кешен саласындағы цифрлық трансформация тұжырымдамасы;
  • 2023–2026 жылдарға арналған мемлекетаралық радионавигациялық бағдарлама;
  • “Уран өндірісінен бүлінген аумақтарды қалпына келтіру туралы” мемлекетаралық бағдарлама;
  • 2023–2024 жылдарға арналған гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы басым іс-шаралар жоспары қаралады.

Еске салайық 14 қазан күні Астанада ТМД мемлекет басшылары кеңесінің саммиті өткен еді. Саммитке Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары қатысқан. Енді міне араға екі апта салып премьер-министрлер бас қосып отыр.

1991 жылы 8 желтоқсанда Беларусь, Ресей және Украина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойған.

ТМД үкімет басшылары кеңесі экономикалық, әлеуметтік және ортақ мүддені көздейтін басқа да салаларда атқарушы билік органдарының ынтымақтастығын үйлестіреді.

Биыл ТМД-ға Қазақстан төрағалық етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз