8 желтоқсанда Астана қаласының бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов президент жарлығымен премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Вице-премьер Алтай Көлгінов әлеуметтік мәселелерге жауапты болмақ: білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік модернизация, мәдениет және спорт, туризм, мемлекет және жастар, отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, дін және этносаралық келісім, мемлекеттік тіл, демография және көші-қон саясаты.
Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда туған. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. “Болашақ” бағдарламасы бойынша Абердин университетін бітірген.
Көлгінов әр жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, әділет министрлігі мен президент әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқарған. 2013–2016 жылдары Орал әкімі болды. 2016—2019 жылдары Батыс Қазақстан облысына жетекшілік еткен. 2019 жылы Астана әкімі болып тағайындалды.
Көлгіновтің орнына бір күн бұрын Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Жеңіс Қасымбек тағайындалды.