Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, “Egemen Qazaqstan” газетіне берген сұхбатында, қаңтар оқиғасы туралы бірнеше сауалға жауап берді. Оның ішінде, көрші елде жиі айтылатын, Қазақстанды Ресей құтқарып қалды деген пікір туралы өз ойын ашық айтты.
Президенттің айтуынша ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатыспаған, бірде-бір оқ атпаған.
“Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік”, – дейді президент.
Армения әскері «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті.
“Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды”, – деп келтірді мемлекет басшысы.
2022 жылы ҰҚШҰ төрағасы Армения еді. Енді биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етеді.