Оралу Мәдениет Қазақ тіліндегі музыка: дәстүр мен тренд тоғысы

Қазақ тіліндегі музыка: дәстүр мен тренд тоғысы

0
46
фото: google

Музыка – жүректен жүрекке жол табатын ең әсерлі өнер түрі. Ал сол музыканың шырқалатын тілі – ұлттың рухын, болмысын көрсететін маңызды құндылық. Бүгінде музыка индустриясы қазақ тілінің дамуына, өркендеуіне тың серпін беріп отыр.Осы жолда ана тіліміз жаңа тыныс алуда. Қазіргі таңда қазақ тілі тек дәстүрлі әндерде ғана емес, сонымен қатар заманауи жанрларда да кеңінен көзге түсіп келеді.

Қазақ музыкасы ерте заманнан бастап халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттаумен, салт-дәстүрлермен біте қайнасып келеді. Кезінде жазылған халық әндері, термешілер мен жыраулардың шығармалышығының арқасында қазақ тілі ұрпақтан-ұрпаққа сақталып  отырды. Ол кезеңдерде музыка тек өнер деп қана шектелмей, тәрбие мен тағылымды, тарихты жеткізетін құрал ретінде де бағаланды. Қазақ тілінің көркемдігі мен байлығы дәл осы ән мен жыр арқылы сақталды. 

Қазіргі таңда музыка индустриясы мүлде басқа бағытқа бет бұрды. Көптеген жаңа жанрларда қазақ тілінде ән салатын орындаушылар саны көбейді. Атап айтсақ : поп, рэп, рок, Q-pop, K-pop жанрлары. Зер салып қарасақ, осы жас орындаушылар қазақ тілінің әуезділігін, икемділігін және терең мағыналы екенін дәлелдеп жүр. Әртүрлі әлеуметтік желілер мен музыкалық платформаларда осы әндер кең түрде таралып, жас ұрпақ арасында қазақ тілі сәнге айналуда. 

Алмас – заманауи қазақ музыкасының жас өкілі. Ол өз тыңдармандарына қазақ тілінің поп жанрындағы ерекшелігін көрсете білді. . «Túnniń bir uaģynda» әні әп-сәтте-ақ халықтың көңілінен шығып, танымал туындыға айналды. Бұл ән біздің ана тіліміздің лирикалық әрі терең мүмкіндігін көрсетеді. Ән мәтіні қарапайым болғанымен, әсерлі сөздер арқылы тыңдарманға ерекше эмоция сыйлайды. Алмастың бұл туындысы қазақ тілінің тек дәстүрлі емес, заманаули музыкалық форматта да өте әдемі естілетінін дәлелдеді.

Yenlik – қазақ тіліндегі әндерімен танылған орындаушы. Қазіргі таңда ол қазақ тілін рэп жанрында дамытуға өз үлесін қосып жүр.Оның әндері жастар тіліне жақын, жеңіл әрі заманауи стильде жазылған. Шығармалары қазақ тілінің рэп бағытындағы әсемдігін көрсетіп, жастар арасында сәнді трендке айналды. 

Жастарымыздың қазақ тіліндегі әндерге қызығушылық танытуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ана тілінде айтылған әндер тыңдарманға өте шынайы естіледі. Екіншіден, музыка арқылы олар өз ойы менсезімдерін еркін жеткізе алады. Үшіншіден, қазақ тілінде ән айту- ұлттық мақтаныштың айқын бейнесі. 

Тоқсан ауыз сөздің толықтай түйіні- музыка саласындағы қазақ тілінің өркендеуі- ұлт рухының жаңғыруының белгісі. Әуен мен сөздің үйлесімі ана тіліміздің өскелең ұрпақтың жүрегіне жол тауып жатқанын көрсетеді. Қазақ тілі- өткеннің мұрасы ғана емес, болашақтың да үні.

Толғанай Темірханова

ПІКІР БІЛДІРІЛМЕГЕН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз