Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) президенті Ким Чен Ын Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) президеті Дональд Трамппен кездесуге ұсыныс жасап хат жолдады. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлайды.
КХДР-мен келіссөздерден кейін Вашингтонға келген Оңтүстік Корея делегациясы АҚШ Президентіне Ким Чен Ын жолдаған хатты табыстады. Оңтүстік Корея мен Америка Құрама Штаттарының өкілдері бүгінгі кездесуден кейін ресми түрде мәлімдеме жасайды деп күтілуде.
Өз кезегінде Солтүстік Кореялық әріптесінен келген ұсынысқа АҚШ президенті келісім берді, деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Сара Сандерс, Ақ үй баспасөз хатшысы:
– Қос президенттің нақты қай уақытта және қай жерде кездесетіні кейін белгілі болады және Солтүстік Кореяға жарияланған санкциялар әзірге сол күйінде қалады.
Бұған дейін Оңтүстік Корея президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Чон Ый Ён Вашингтон қаласында журналистерге берген сұхбатында Ким Чен Ынның Трамппен жүздесуге, сондай-ақ ядролық қарудан бас тартуға дайын екендігін айтқан болатын. Ал Дональд Трамп болса, кездесуді мамыр айына дейін өткізуге келісімін берді.
Чон Ый Ён, Оңтүстік Корея президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі:
– Ким Чен Ын алдағы уақытта КХДР шекарасының қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда ядролық және зымыран сынақтарынан бас тартуға уәде берді. Оңтүстік Корея мен Құрама Штаттар бірлесе жүргізетін әскери жаттығулардың жалғаса беруі керектігін түсінеді. Және ол президент Трамппен мүмкіндігінше тезірек кездесуге ниетті.