Трамп палестиналық босқындарға берілетін қаржылай көмекті тоқтатты

0
67

Америка Құрама Штаттары (АҚШ) билігі палестиналық босқындарға берілетін 125 миллион долларлық қаржылай көмекті тоқтатып тастады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі өзінің екі ақпарат көзіне сүйене отырып хабарлайды.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп twitter парақшасы арқылы жасаған мәлімдемесінде Палестинаның Америкаға лайықты түрде «құрмет көрсетпеуіне» байланысты, беріліп келген көмектің ойға қонымды емес екенін жеткізген болатын.

Bloomberg шешімнің Трамптың 3 қаңтарда жариялаған твитінен кейін қабылданғанын атап өтті. Твитінде Палестинаның Израильмен арадағы жанжалды бейбіт жолмен шешкісі келмейтініне назар аударған Трамп берілген қаржылай қолдауға қарамастан, палестиналықтардың  Америкаға құрмет көрсетпейтінін жеткізді.

«Палестиналықтарға жүздеген миллион доллар төлейміз және алғыс та естімейміз, құрмет те көрмейміз», – деп жазды ол. Америка басшысы сөздерін: «Сонда егер палестиналықтар бейбіт келіссөздерді қаламаса, болашақта оларға не үшін орасан көп сома төлеуіміз қажет?» – қорытындылады.

Агенттіктің айтуынша, 2 қаңтар күні жарияланған мәліметтерге сәйкес, АҚШ палестиналық босқындарға 125 миллион доллар қаржылай көмек көрсетпекші еді. Алайда АҚШ-тыңмемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон президент әкімшілігінің жаңа жарлықтары жарияланғанға шейін қаржылай көмекті тоқтатты.

 

6 желтоқсан Ақ Үй басшысы Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде тану туралы шешім қабылдап, американ елшілігін бұл қалаға көшіру үшін дайындықты бастап кеткен болатын. Палестина мен өзге араб елдерінде Трамптың бұл шешімі сынға қалған.

21 желтоқсан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясында АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы деп таныған шешіміне қарсы резолюция қабылданды. Дауыс беру рәсімінен бірер күн бұрын Ақ Үй басшысы бұл резолюцияны қолдаған елдерге қаржылай көмектің тыйылатын айтып, сес көрсеткен.


Бұдан бұрын Дональд Трамп твиттер арқылы АҚШ Пәкістанға қаржылық көмек көрсетуін де тоқтатқан еді. Америка президенті Пәкістан үкіметін лаңкестік топтармен күресте, атап айтқанда Талибанға қарсы күресте, тиісті қарсылық көрсетпеді деп жазғырған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз