Африндегі жағдай шиеленіске толы

0
91
дереккөзден

Түркия билігінің қаңтар айында бастаған «Зәйтүн сабағы» операциясы қазіргі таңда Анкара мен сириялық күрдтер арасындағы қарулы қақтығыстарға ұласып отыр. Анкара билігі лаңкестер деп санайтын Африндегі күрд қарулы жасақатарына қарсы операциядан бейбіт тұрғындар зардап шегуде.

Шет елдік ақпарат көздеріне сүйенсек, аталған операциядан кейін Афринде мекен еткен күрдтердің 400 мыңнан астам тұрғыны босып кетті. Бейбітшілік, қамқорлық және көмек көрсету мәселелері бойынша халықаралық ұйымның өкілі Регер Вахидке сілтеме жасаған бірқатар басылымдар 120 мыңға жуық тұрғынның Алеппо және Манбидж өңіріне, ал 10 мыңға жуық бейбіт тұрғынның Небел мен аз-Захраа елді-мекендеріне қоныс аударғанын нақтылады.

«Зәйтүн сабағы» әлі де жалғасуда

Түркия билігі Африн күрдтеріне қарсы «Зәйтүн сабағы» операциясын халықаралық қоғамдастық тарапынан сынға ұшырағанына қарамастан, әлі де жалғастырып келеді.

Қазіргі таңда Еуроодақ Сирияның Африн аймағында орын алған әскери операция салдарынан адам өлімі мен гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық танытуда.

Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер департаментінің мәлімдеуінше, «Сирияның солтүстігінде жүргізіліп жатқан операция бейбіт халықтың одан әрі зардап шегуі мен Түркияда азаматтық қақтығыс туғызуы мүмкін» деген болжам жасалды. Бұл туралы Еuronews мәлімдеді.

mk-turkey.ru ақпараттық агенттігінің мәліметінше, 20 ақпанда  Анкара билігі «Зәйтүн сабағы» операциясының қарсылықтар сынға ұшырағанына қарамастан, Афринге жүздеген арнайы жұмыс күштері мен еріктілер тобын жіберді.

Дамаск күрдтерге көмекке әскер жіберді

Анкара Африн аумағына кірген кез келген қарулы топтарды лаңкестердің қатарында және жойылуы тиіс ұйым деп есептеп, Сирияға Африн операциясына араласқан жағдайда «ауыр соққылармен» қауіп төндіретінін ескертті.

Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын: «Күрдтерге көмек көрсеткен кез келген қарулы топ өкілдері ең ауыр соққы алады. Лаңкестерге көмек қолын созғандардың өзі де заңды түрде лаңкес деп есептеледі», – деп мәлімдеген болатын.

Алайда, 20 ақпан Сирия Үкіметінің қарулы күштері күрдтердің өтініші бойынша Алепподан Африннің қауіпсіздік бақылау бекетінен өтіп, аймаққа енді.

Сәрсенбіде САНА ақпараттық агенттігі күрдтер орналасқан аймақ бейбіт тұрғындарды Түркияның агрессиялық режимінен арашалау мақсатында Сирия жауынгерлерімен толыққанын мәлімдеді.

Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сирияға бұл мәселеде ескерту жасап, «Түркия Афринге жол тартқан Сириялық қарулы күштерді тоқтатты», – деп мәлімдеген болатын. 

Әйтсе де, күрдтердің өзін-өзі қорғау күштерінің ресми өкілі Рейзан Хеду Түркия басшысының бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, Сирия әскерінің Африн аумағына енгінін нақтылап, «Күрдтердің сұрауымен Сирия әскері Афринге келді. Түркия әскери операциясы бүгінге дейін бірнеше нақты қадамдар көрсеткенімен, сәтсіздікпен аяқталып жатыр. Біз 32 күннің ішінде түрік әскеріне соққы береміз», – деп мәлімдеді.

Түркия билігі 20 қаңтар күні Африн аймағында «Халықтық қорғаныс күштері» мен «Демократиялық бірлік» партиясының жасақтарын талқандамақ ниетте «Зәйтүн сабағы» операцияларының басталғанын жариялаған болатын. Операцияның басты мақсаты – түрік шекарасына дейінгі 30 шақырымдық аумақта «қауіпсіздік аймағын» құрып, Афринді күрдтерден (Анкара билігі лаңкестер деп санайтын күрдтерден) тазартып, Сириялық босқындардың еліне оралуына жағдай жасау.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз