Польша мен Қазақстан визасыз режимді талқылады

0
127

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Польша Президенті Анджей Дуданың кездесуінде визасыз режимге өту мәселесі талқыланды.

«Ақорда» сарайында Дуданы қабылдаған Нұрсұлтан Әбішұлы тар форматта өткен кездесулерден кейін ұйымдастырылға баспасөз конференциясында Польшалық әріптесінің сапары жемісті болғанын мәлімдеді. Қазақстан Президенті келіссөз барысында екі жақты, өңірлік және халықаралық қатынастар барысында сөз қозғалғанын айта келе, Қазақстан азаматтарының Польшаға визасыз кіріп-шығуы мәселесінің талқыланғанын атап айтты.

-Қазақстанда поляк қаржысымен құрылған кәсіпорындардың саны артқан

Бүгін бекітілген үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттардың үлкен маңызға ие екенін атап өткен Елбасы, Қазақстан мен Польшаның әлеуметті-экономикалық, ішкі және сыртқы саяси даму барысы жөнінде өнімді пікір алмасу болғанын атап өтті. Кездесуде, сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті екі елдің іскерлік орталарының экономикалық қатынастарды тиісті деңгейге көтеру үшін қарқынды жұмыс істеуі керектігін нұсқап, Қазақстанда бизнеске қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық жағдайдың жасалынып отырғанына назар аударды. Қазіргі уақытта Қазақстанда поляк қаржысымен құрылған кәсіпорындардың санының артқанын айтқан Елбасы, ауыл шаруашылығы, химия, көлік және құрылыс салаларында 115 ортақ кәсіпорын бар екенін жариялады. Бұдан өзге, келіссөз барысында Елбасы Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін Дудамен Қазақстан мен Польшаның көліктік және транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалану туралы пікір алмасқанын және осы бағытта болашақта көлемді жұмыстар жасалатынын да алға тартты.

Қазақстандық студенттер Польшада білім алуда

Екі тараптың білім және ғылым саласына да баса назар аударатыны, қазіргі уақытта 700-ден аса жас қазақстандықтың Польша жоғары оқу орында білім алып жатқандықтары айтылды. Елбасы Н. Әбішұлы қазақ жерінде тұрып жатқан 32 мың поляк диаспорасы өкілінің орны ерекше екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Польша президенті Анджей Дуда Қазақстан Президентіне алғысын білдіріп, болашақта екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығая түсетініне сенім білдірді. Польша президенті Қазақстандық әріптесіне Польшаның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қолдағаны үшін алғыс білдіріп, Польшаның осы мақсаттаға ұмтылысын Қазақстан қолдағанын негізге алды. Қазақстан Сириядағы әскери қақтығыстарды тоқтатуға күш салып жатқан бейбіт мемлекет екенін атап айтқан Польша Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның рөлі өте маңызды екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз