1-9 қыркүйек аралығында халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылғаан көрмесінің бағдарламасы аясында «Астана Опера» сахнасында атақты миландық «Ла Скала» театрының опера труппасы, хор мен симфониялық оркестрінің алғашқы гастрольдері өтеді.
1778 жылы Австрия патшайымы Мария Терезаның қамқорлығымен Италияның Милан қаласында ашылған «Ла Скала» театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Опера» сахнасында осымен екінші рет өнер көрсетпек.
Бүгін елордада осы іс-шараға қатысты өткен брифингіде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы гастрольдің бірыңғай ресми демеушісі италиялық «Eni» энерго компаниясы екенін атап өтті.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтары аталған уақыт аралығында «Астана Опера» театрының сахнасынан Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсын, Уильям Шекспирдің «Виндзор сайқымазақтары» комедиясы мен «IV Генрих» тарихи хроникасын тамашалай алады.
Қойылымдарда аты әлемге әйгілі дирижер Зубин Мехта Астанаға келген «Ла Скала» театрының 260-қа жуық әртісіне жетекшілік жасайды.
«Фальстаф» операсын бас рөлдегі Джон Фальстафтың бейнесін сомдаушы, әлемнің ең үздік орындаушыларының бірі, Амброджо Маэстри барша елорда тұрғындары мен қонақтарын сахналық қойылымды тамашалауға шақырады.
«ЛА СКАЛА» (La Scala, толық атауы — Teatro alla Scala) — Италиядағы атақты опера театры. 1776-78ж.ж. Милан қаласында “Санта-Мария делла Скала” шіркеуінің орнына салынған театр сахнасында алғашында опера және балетпен қатар драмалық спектакльдер де қойылған. ХІХ ғасырда «Ла Скала» театр әншілерінің шеберлігін әлемге танытатын дүниежүзілік опера орталығының біріне айналды.
1970 жылы дүниеге келген А. Маэстри – Ла Скала театрының бас жұлдыздарының бірі. Маэстри – алғаш рет 2001 жылы Италияның Буссето аймағында орналасқан Джузеппе Верди театрында Ла Скала труппасымен бірге сахнаға шыққан, күні бүгінге шейін 200-ден астам қойылымдарда рөл алған дарынды әртіс.