29 маусымда Ашхабадта Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран президенті Ибрахим Раиси, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті Владимир Путин, Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедовтің қатысуымен алтыншы Каспий саммиті өтіп, нәтижесінде жиынның коммюникесі жарияланды.

Президенттер Каспийдегі бесжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, сондай-ақ өзара мүдде тұрғысынан өзекті халықаралық және өңірлік проблемаларды талқылады.

Бес ел басшысы Ашхабадта (2002 жылы), Тегеранда (2007 жылы), Бакуде (2010 жылы), Астраханьда (2014 жылы) және Ақтауда (2018 жылы) өткен Каспий саммиттері шешімдерінің маңыздылығы мен оларды нәтижелі жүзеге асырудың қажеттілігін атап көрсетті.

Президенттер 2018 жылғы 12 тамыздағы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюдың мәнін жоғары бағалаған.

Олар жан-жақты өзара іс-қимылдың қазіргі жоғары әлеуетін атап өтіп, Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастық деңгейіне оң баға берді.

Каспий маңы елдерінің көшбасшылары Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына бейілдігін растап, Каспий теңізі өңірінің әлемдегі өсіп келе жатқан рөлін назарға ала отырып, Каспий маңы мемлекеттерінің өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауға, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мәдени-гуманитарлық, ғылыми және өзге де байланыстарды дамытуға дайын екенін білдірді.

Президенттер жағалау мемлекеттерінің Каспий теңізіндегі қызметі төмендегі қағидаттар негізінде жүзеге асырылатынын қайта растады:

1) мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;

2) Каспий теңізін бейбіт мақсаттарда пайдалану, оны бейбітшілік, тату көршілік, достық және ынтымақтастық аймағына айналдыру, Каспий теңізіне байланысты барлық мәселелерді бейбіт жолдармен шешу;

3) Каспий өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;

4) жағалау мемлекеттерінің Каспий теңізіндегі қару-жарақтарының тұрақты теңгерімін қамтамасыз ету, барлық жағалау мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, әскери құрылысты ақылға қонымды жеткілікті шегінде жүзеге асыру, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу;

5) өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша ортақ күш-жігерге сәйкес, оның ішінде барлық жағалау мемлекеттері арасында жасалған халықаралық шарттарға сәйкес болжамдылық және ашықтық рухында әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтау;

6) Каспий теңізінде жағалау мемлекеттеріне тиесілі емес қарулы күштердің болмауы;

7) қандай да бір жағалау мемлекетінің өз аумағын басқа мемлекеттерге жағалау мемлекеттерінің кез келгеніне қарсы басқыншылық және басқа да әскери іс-қимылдар жасауға ұсынбауы;

8) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары және осыған байланысты олар жағалау мемлекеттері айқындаған қызмет түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, әрбір жағалау мемлекетінің аумақтық суларының сыртқы шектерінен тыс теңізде жүзу еркіндігі;

9) теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

10) халықаралық сауда мен экономикалық дамуды кеңейту мақсатында транзит жағалау мемлекетінің заңды мүдделерін ескере отырып, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және тиісті жағалау мемлекеттерінің уағдаластықтары негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, әлемдік мұхитқа еркін шығу және олардан еркін қайтып кіру құқығы;

11) Каспий теңізінде жүзуді, оған кіруді/одан шығуды тек жағалау мемлекеттерінің әрқайсысының мемлекеттік туы бар кемелермен ғана жүзеге асыру;

12) бірлескен су биологиялық ресурстарының өсімін молайту және олардың пайдаланылуын реттеу бойынша келісілген нормалар мен қағидаларды қолдану;

13) ластануға жол берген жағалау мемлекетінің Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне келтірілген нұқсан үшін жауапкершілігі;

14) Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау, оның биологиялық ресурстарын сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану;

15) Каспий теңізінің экологиясы, биологиялық ресурстарын сақтау және пайдалану салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу;

16) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қағидаларына сәйкес азаматтық әуе кемелерінің ұшу еркіндігі;

17) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары, сондай-ақ осыған байланысты олар зерттеулердің айқындалған түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, жағалау мемлекеттері келіскен құқықтық нормаларға сәйкес әрбір жағалау мемлекетінің аумақтық суларынан тыс теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізу.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз