23 қазан күні өткен онлайн брифингте Қазақстанның ақпарат министрі Аида Балаева Қазақньюс тілшісінің жекеменшік БАҚ-ты қолдау туралы қойған сұрағына жауап берді.
Жауабын үзақ кідіріп, түсініксіз бастаған министр жекеменшік БАҚ-қа қаражатты көбейтуді министрліктегі “арнайы топ” қарастырып жатқанын айтты.
“Әлеуметтік информ тапсырыстың жетілдіру жолдарын біз арнайы топ мүшелерінің жұмыс шеңберінде қарастырып жатырмыз. Оның ішінде жекеменшік БАҚ-қа бөлінетін қаражатты көбейту мәселесі де бар. Өйткені, шынымен де көбіне жедел ақпаратты сайттар арқылы жеткізу тиімді. Мұның барлығы жаңағы топтың жұмысында арнайы қаралып жатыр. Оның нәтижесін жылдың аяғына дейін мәлімдейміз”, – деді министр.
Балаева Қазақстанда пандемия өршіп тұрған шақта жекеменшік медиаға министрлік тарапынан көрсетілген көмекке тоқталып өтті.
“Біріншіден, осы жылдың сәуір-қазан айларының аралығында еңбекақы төлем қорынан салықтар мен міндетті аудармалар төлеуден босатылды. Екіншіден, осы жылдың 1-шілдесінен 31-ші желтоқсанға дейінгі кезеңде 67 коммерциялық теле-радио арналар эфирлық цифрлық телерадио хабарларын тарату қызметтеріне ақы төлеуден босатылды. Менің ойымша бұл үлкен көмек”, – деді ол.
Министр қазір елдегі пандемия ахуалының тұрақты екеніне тоқталып, егер жағдай тағы ушығатын болса “әріптестерін” қолдауға дайын екенін айтты.