19 маусымда Тегеранға ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді.
Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, шағын құрамда өткен кездесуде Тоқаев Иран азаматтарына Қазақстанға 14 күнге визасыз режим жариялайтынын мәлімдеді (Қазақстан азаматтарына Иранға бару үшін виза алу қажет). Бұған қоса, екі тарап іскерлік байланыс пен сауда айналымын арттыру жағын талқылады.
“Біздің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік кеңестеріміз бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз кедергілерге қарамастан, жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту. Оған біздің әлеуетіміз жетеді. Мен сіздің өзара серіктестікті дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қарым-қатынасымызды дамытуға бар күш-жігерімді жұмсауға әзірмін” деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр-маусым айында осымен үшінші елге ресми сапармен барды. Ол мамырда Түркия мен Қырғызстанға сапарлаған еді.