ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда резиденциясында бірнеше кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
“Алматы көрікті де, жасыл, менің туған әрі сүйікті қалам. Шынымды айтсам, ол жаққа барғанда толқып тұрамын. Бұл еліміздің көркем де, жап-жасыл шаһары. Біздің үйді бақ қоршап тұратын. Одан бөлек, үй іргесіндегі телімнің өзі жарты гектар аумақты алып жатты ғой деймін. Осынау жарты гектар бүкіл отбасын асырап отырды. Бұл алмалы бақ еді. Алматыда алма ағаштары гүлдеген кезде айнала құлпырып кетеді. Міне, сол кезде мен міндетті түрде сонда барамын. Жыл сайын алмалы бақтың ішінде түскен фотосуреттерім бар. Бұл менің естелігімдегі өшпес әсер”, – деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыға сапарында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен болған кездесуінде өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған. Түркістандағы құрылыс жоспарына ерекше назар аударылды.
Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан Халық банкі” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павловпен кездесті. Тараптар еліміздің банк секторындағы қазіргі ахуалды, осы саланы одан әрі дамыту перспективаларын және Қазақстанның қаржы нарығының өзекті мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев “Орталық Азия Электр энергетикасы корпорациясы” АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебановпен де кездесті. Тараптар электр-жылу энергиясын өндіру нарығын дамытудың және еліміздің өңірлерін энергиямен жабдықтау ісінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне баса мән берді. Кездесуде энергиямен жабдықтау саласындағы тариф саясатын іске асырудың қазіргі үдерісі де талқыланды.