Ресей уәкілі: Сирияны қалпына келтіруге шамамен $600-800 млрд қажет

0
90
Сирия бойынша өтіп жатқан Астана процесі.

21 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда өткен Сирия бейбіт келіссөзінің 17-отырысында Ресейдің Сирия бойынша арнайы уәкілі Александр Лавреньтев Сирияны қалпына келтіру үшін шамамен 600-800 млрд доллар қажет деп мәлімдеді. Бұл туралы Sputnik Kazakhstan агенттігі хабарлады.

Александр Лаврентьевтің пікірінше, халықаралық қауымдастықтың көмегінсіз Сириядағы соғыстың салдарын жою мүмкін емес.

Келіссөз барысында террористік ұйымдардың жандануына жол бермеу, Сирияның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалпына келтіру, Сириядағы босқындарды еліне қайтару және өзге мәселелер талқыланған. Дегенмен Александр Лаврентьев Сириядағы Әл-Хол лагеріндегі жағдай келіссөзде талқылануы тиіс мәселелер қатарына енгізілмегенін айтқан.

Ресейдің Сирия бойынша арнайы уәкілі Александр Лавреньтев

“Бұл лагерьде “Ислам мемлекетінің” содырлары мен олар тәрбиелеген отбасылар тұрып жатыр. Сол себепті қауіпсіздік тұрғысынан жағдай күрделі. Ол жақта адам өлтіру, өзге де жаман нәрселер бар” деді арнайы уәкіл.

БҰҰ қыркүйек айының соңында Әл-Хол лагерінде әлі шамамен 62 мың адам барын, 80 пайызы әйелдер мен балалар екенін мәлімдеген. Олар әлемнің 60 елінен келген.

Қазақстан Орталық Азияның өзге елдері сияқты “Жусан” операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастаған. Ресми мәлімет бойынша, осы уақытқа дейін жүздеген азаматын елге эвакциялаған. Басым бөлігі – әйелдер мен балалар.

Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң “террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты”, “терроризмді насихаттады және қаржыландырды” деген айыппен сотқа тартылған.

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзіне Сирия үкіметі, оппозиция және Түркия делегациясы, сонымен бірге Ресей, Иран, БҰҰ өкілдері қатысқан. Келіссөзге бақылаушы ретінде Иордания, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары мен Қызыл крест халықаралық комитетінің өкілдері келген.

Екі күнге созылатын келіссөз Сириядағы азамат соғысын тоқтатуды көздейді.

Астана келіссөзі 2017 жылы қаңтарда Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысы бойынша басталған. Нұр-Сұлтандағы Сирия бейбіт келіссөзі Женевадағы БҰҰ бастамасымен ашылған келіссөзден бөлек өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз