Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның шығысындағы “ДХР” және “ЛХР” жікшіл аймақтарын “Қазақстан мойындамайды” деп мәлімдеді.

Ресей президенті қатысып отырған форумда кремльшіл журналист Маргарита Симоньян Тоқаевтан Ресейдің Украинадағы “арнайы операциясына” пікірін сұраған.

“Бізді бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады… Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, жер бетінде 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз”, – деп жауап берді Қазақстан президенті .

Санкт-Петербургтегі жиынға шетелдік президенттерден тек Тоқаев барды.

Ақпан айының ортасында Кремль Украинаның Донбасстағы ресейлік сепаратистердің бақылауындағы “Донецк халық республикасы” мен “Луганск халық республикасының” тәуелсіздігін таныған.

Осыдан соң 24 ақпанда Кремль Украинаны “денацификация” және “денационализация жасаймыз” деп Украинаға басып кірген. Кремль басында Киевті алмақ болғанымен, сәтсіздікке ұшырады. Кейін Мәскеу Украинадағы әскери күшін Донбассқа бұрып, қазір осы аймақты толық алуға тырысып жатыр.

Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеу басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Ресми Нұр-Сұлтан Ресей Украинаға басып кірген соң екі тарапты келіссөздерге шақырып, қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырып келген.

Форумда Қазақстан мен Ресей достығы да сөз болды. Тоқаев Қазақстан туралы түрлі сөз айтатын Ресей депутаттарына, журналистеріне және мәдениет қайраткерлеріне назын білдірді.

“Осы мінберді пайдалана отырып, Ресейдің бірқатар депутатының сөздеріне шағым айтқым келеді. Қазақстанға бағытталған орынсыз сөздер, журналистердің, тіпті мәдениет қайраткерлерінің қате мәлімдемелері. Владимир Владимирұлы жоғары басшылықтың, Кремльдің өзге мемлекеттерге, соның ішінде менің еліме қатысты ұстанымын тәптіштеп түсіндірді. Ол үшін оған алғыс білдіремін. Шынымен де, біздің халықтардың арасында түрлі жолмен қоздыратындай ешқандай мәселе жоқ. [Мұндай мәлімдемелер] Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді. Бұл сөздер мен үшін түсініксіз” деді Тоқаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз