Тоқаев: медицина саласындағы жемқорлық пандемия кезінде әшкерелене бастады

0
345
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: akorda.kz

19 тамыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде кеңес өткізді. 

– Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни, 820-дан 912-ге өскен. Transparency International ұйымының 2019 жылы өткізген сауалнамасының қорытындысы бойынша азаматтардың 28,7 пайызы мемлекеттік ауруханалар мен емханаларды сыбайлас жемқорлықтың ордасы деп атаған. Бұл басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, мысалы, полиция – 11,3%, жер қатынастары басқармасы – 7%, мемлекеттік балабақшалар – 6,9%. Өз денсаулығына алаңдап ауруханаға барған адамдадың қажетті медициналық көмек алу үшін кімге қанша ақша берем деп уайымдауына жол беруге болмайды, – деді мемлекет басшысы.

Ақордада өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес. Photo: akorda.kz

Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін айтқан.

Президенттің сөзінше, медицина саласындағы сыбайлас жемқорлықты тексеру және әшкерелеу жұмыстары пандемия шарықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған миллиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған.

“Миллиардтаған қаржы қолды болып кеткеннен кейін, халыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, – деді президент.

Тоқаев үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің ұсыныстарын толық пысықтау үшін бір ай уақыт берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз