Тоқаевтың сұхбаты Қазақстанның ашықтығының көрінісі – Әбдірахманов

0
54
дереккөзден

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ВВС телеарнасындағы Hard Talk бағдарламасына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Әбдірахманов Сенат төрағасының өте сауатты әрі кәсіби тұрғыда сұхбат бергендігін айтады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жетістігінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың лидерлік рөлін анық түсіндіреді», – деген Әбдірахманов Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосып жатқандығын, бұл үшін Қазақстан әлемдік қауымдастыққа ашық болу қажеттігін алға тартады. «Бұл мақсатта Сенат төрағасының сұхбаты лайықты», – дейді СІМ басшысы.

Әбдірахманов жоғары шенді қазақстандық тұлғаның ресми түрде ВВС телеарнасына берген бұл сұхбаты қойылған сауалдардың өткірлігіне орай «өте күрделі болды» деп есептейді.

«Бұл ең күрделі сұрақтарға жауап беруге дайындықты талап ететін қазақстандық демократияның жаңа кезеңін көрсетеді. Бағдарламаның атауы да Hard Talk – «Қатаң әңгіме» бұған сәйкес келеді», – деді СІМ басшысы.

Сондай-ақ Әбдірахманов баршаға Сенат төрағасының берген сұхбатының мәтінін толық оқып шығуға кеңес берді.

Бұдан өзге Hard Talk түсірілім тобының Қазақстанға жасаған сапарына СІМ-нің толық көмек қолын созғандығы да айтылады.

СІМ басшысының сөзінше, журналист Стивен Сакур өзі қалаған барлық қазақстандық тұлғалардан сұхбат ала алған. «Қуанышқа орай, біздің еліміздің жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл билік өкілдері мен оның сыншыларының берген сұхбатынан айқын көрінді. Мұның бәрі Қазақстанның қалыптасқан мемлекет екендігінің дәлелі, мұнда саяси мәдениет, пікір  алуандылығы, сөз еркіндігі бар», – деп түйіндеді Әбдірахманов.


Атап өтерлігі, 20 маусымда Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев ВВС телеарнасына берген сұхбаты барысында Н. Назарбаевтың 2020 жылы президент сайлауына қатысатындығына «сенім білдірмейтіндігін» алға тартқан еді.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз