Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге белсенді дайындық жүріп жатыр. Осы жылдың басты оқиғаларының бірі қыркүйек айында өтеді.
Астана әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 8-14 қыркүйек аралығында өтетін көшпенділер ойындарына жүзден аса елдің төрт мыңға жуық өкілі қатысады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде бұл ауқымды іс-шараға 107 мемлекет қызығушылық танытқан.
Ойындар үш негізгі бағыттан тұрады: спорт, мәдениет, ғылым. Мәселен, спорттың 20 түрінен 110 медаль сарапқа салынады. Спорттық бағдарламада ұлттық ат спорты, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі садақ ату, аң аулайтын құстармен аң аулау және зияткерлік спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ көрме бағдарламасына 10 түрлі этникалық спорт түрі кіреді.
Спорттық бағдарламаның нысандары сызықтық жүйе бойынша бір-біріне өте жақын орналасқан.
Қатысушыларды қонақ үйден жарыс орнына дейін ыңғайлы тасымалдау пысықталды.
Ойындарды өткізу үшін елорданың 6 негізгі спорттық инфрақұрылымы бекітілді: “Астана-Арена” стадионы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, “Алау” мұз айдыны сарайы, “Қазақстан” жеңіл атлетика спорт кешені, “Думан” қонақ үй кешені, “Қазанат” ипподромы.
Мәдени бағдарламаның негізгі алаңы “Қазанат” ипподромына іргелес “Көшпенділер әлемі” этноауылы болмақ.
Ұлттық музейде этноспортты дамытудың түрлі аспектілері зерттелетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Ойындарды ұйымдастыруға 1000-ға жуық ерікті қатысады. Волонтер болуға 18 жастан асқан кез келген астаналықтың мүмкіндігі бар.