Рыбакина: Мен Қазақстан азаматымын

0
268
Елена Рыбакина. Photo: Kazaknews.kz

Wimbledon 2022 жарысында жеңіске жеткен қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан паспортын көрсетіп, жарыстан жеңген ақшалай сыйақысының бір бөлігін елдегі жасөспірімдер теннисін дамытуға бөлетінін айтты.

“Әрине, мен Қазақстан азаматымын. Егер Қазақстан болмағанда қазір қайда жүретінімді білмеймін де. Қазақстанда теннисті әріқарай танымал етуге септігін тигізетін адаммын деп ойлаймын. Бұл – үлкен жауапкершілік. Жауапкершілікті қабылдаймын”, – деді теннисші.

Ресейде дүниеге келіп, Қазақстан атынан жарысқа қатысып жүрген Рыбакина Wimbledon турнирінде жеңімпаз атанған соң Ресей басылымдары мен теннис мамандары оны “мәскеулік теннисші”, “Қазақстан Ресей теннис мектебінің өнімін алды” деген еді. Бұдан бөлек, теннисші Қазақстанның ғана емес Ресейдің азаматы деген сөздер шыққан.

Елена Рыбакина журналистерге паспортын көрсетіп отыр. Photo: Turar Kazangapov

Теннисші баспасөз мәслихатында “Ресей теннис мектебінің дайын өнімі” деген пікірмен келіспейтінін айтты.

“[Ресей атынан жарысқа] қатысқанда жасөспірім едім, мені “дайын өнім” деп атауға болмайды, себебі жасөспірімнен ересектер арасына, кәсіби карьераға өту өте қиын. Ол үшін жақсы команда керек. Бұған кез келген теннисші қол жеткізе бермейді. Менің жолым болды деп ойлаймын. Сондықтан ондай пікірлермен келісе бермеймін, – деді ол.

Бұдан бөлек, Рыбакина Қазақстан теннис федерациясы берген сыйақыдан бас тартқаны туралы да ақпарат шыққан. Бұл туралы теннисші “Бұған дейін маған көмектесті, қазір де көмектесіп келеді. Сондықтан алғысымды сөзбен ғана емес іспен де көрсеткім келді. Бұл біздің ортақ жеңісіміз және соңғы жеңісіміз деп ойламаймын” деді.

Әлемнің 23-ракетакасы Рыбакина Grand Slam жарыстарының қатарына енетін Wimbledon жарысының финалында тунистік Онс Жаберді (әлемнің қазіргі бесінші ракеткасы) жеңіп, турнирдың биылғы чемпионы атанған еді. Спортшы бұл жеңісі үшін 2 млн фунт стерлинг (1 млрд 145 млн теңге) сыйақы алған.

Елена Рыбакина – Grand Slam жарыстарында жекелей сында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық теннисші.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз