20 ақпанда Қытай астанасы Пекинде Қысқы олимпаданың жабылу салтанаты өтті. Бұл олимпиадада медальдің негізгі бөлігін Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Жапония иеленді. Қазақстан спортшылары жүлдесіз қалды.
Бұл олимпиадада жалпы команда есебі бойынша алғашқы үш орынды Норвегия (16 алтын, 8 күміс, 9 қола), Германия (12-10-5), Қытай (9-4-2) бөліп алды. 8 алтынмен АҚШ 4-орынға шықты.
Постсоветтік елдер ішінен Беларусь 2 күміс, Украина 1 күміс, Латвия мен Эстония бір-бір қоладан иеленді. Ресей олимпиада комитеті (допинг дауына байланысты Ресей спортшылары тусыз, әнұрансыз қатысты) медаль саны бойынша (32 жүлде) рекорд орнатты. Бұл ел 6 алтын, 12 күміс, 14 қоламен жалпы есепте 9-орын алды.
Қытай астанасы небәрі 14 жылда екі рет Жазғы және Қысқы олимпиада өткізген қала ретінде тарихта қалды.
2022 жылы болатын Қысқы олимпиаданы өткізгісі келетін қалалар арасындағы бәсекеде Алматы мен Пекин финалға шыққан еді. Алматы қаласы олимпиадаға қажеті спорт нысандарының 70 пайызы бар екенін, 2011 жылы Қысқы Азиада өткізгенін алға тартқан. Пекин төрт дауыс артық алып, 2015 жылы 31 шілдеде халықаралық олимпиада комитеті Қысқы олимпиаданы Пекинде өткізу жөнінде шешім қабылдаған.
4 ақпанда басталған Олимпиада ойыны коронвирус індетіне байланысты қатаң шектеулермен ашылған. Шетелден келген спортшыларды жергілікті халыққа жақындатпай, спорт жарыстары оқшау орында өткізілді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты. Бұл оның Қазақстандағы Қаңтар көтерілісінен кейін шетелге жасаған алғашқы сапары болатын. АҚШ және Ұлыбритания, Австралия және Канада Шыңжаңдағы қысымға байланысты Пекин Олимпиадасына дипломатиялық бойкот жариялаған. Бұл елдердің ресми тұлғалары Олимпиадаға барған жоқ. 2017 жылдан бері Шыңжаңда байырғы ұлт өкілдері – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді мұсылмандардың қудалануы жайлы ақпарат жиілеген.
Келесі Қысқы олимпиада 2026 жылы Италияда өтеді.