31 тамыздан бастап діни нысандар мен бассейн, жаттығу залдары жұмыс істей бастайды

0
77
photo: muftyat.kz

Қазақстан билігі 31 тамыздан бастап шектеу шараларын тағы жұмсартатынын хабарлады. Бұл туралы 26 тамыз күні жарияланған ведомствоаралық комиссия шешімінде белгілі болды. 

Коронавирус пен вирустық пневмония қайта өршіген соң билік шілде айында карантинді күшейтіп, көптеген бизнес нысандары, кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, кейбірінің жұмысы шектелген еді.

Келесі дүйсенбі яғни, 31 тамыздан бастап елде төмендегі нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі:

  • діни нысандар (бірақ жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізілмейді);​
  • бассейндер, жаттығу залдары, спорт кешендері (алдын ала жазылу арқылы және адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс);
  • мәдени орындар (толы болмауы тиіс, адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс, маска тағуға міндетті)
  • ерекше қорғалатын табиғи аумақтар: ұлттық саябақтар, қорықтар (15 адамнан аспайтын шағын топтардың жүруіне рұқсат етілген, маска тағу, адамдар арасында қашықтық сақталуы тиіс).

Бұған қоса, қалааралық және елді мекендерге жүретін автобустардың жүруіне рұқсат етілген.

Биліктің айтуынша, вирус жұқтырғандар азайып, эпидемиологиялық ахуал жақсарғандықтан осындай шара қабылданып отыр. Үкіметтің мәліметінше, карантин кезінде науқастар саны он есеге азайып, жедел жәрдем көлігін шақыру – 4,2 есе, ауруханалардың толымдылығы 80 пайызға азайған.

Қазақстанда індет қайта өршіген соң 5 шілдеде карантин шаралары күшейтілген еді. Бұған дейін кәсіпкерлер карантиннің кесірінен табыссыз қалғандарын айтып, жұмыс істеуге рұқсат сұраған еді. 17 тамызда билік шектеулерді біртіндеп ала бастаған. Тамыз айының ортасынан бастап сауда орталықтары, сұлулық салондарының жұмыс істеуіне рұқсат етілді.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 105 мыңнан астам адамға коронавирус жұққан. Бұл статистикаға белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар енбеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл екі көрсеткішті бітіктіруге кеңес бергенмен Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі оларды екі бөлек есептеп, жариялап келеді. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда 127 462 адамға вирус жұққан. Кемінде 1781 адам қайтыс болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз