Әзірет Сұлтан мешіті Рамазан бойы ауызашар бермек

0
265

Әлемдегі барша мұыслман үшін айлардың ең қасиеттісі, он екі айдың ішінде орны бөлегі – Рамазан айы басталуға жақын. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадистерінің бірінде «Алла тағала күндерден жұманы, түндерден қадір түнін, айлардан Рамазан айын қадірлі етті», деген. Осы қадірлі де қасиетті айға Астанадағы Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің дайындығы турасында мешіттің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев сұхбат берді.

«Рамазан айында Әзірет Сұлтан мешіті күн сайын 800 адамға ауызашар береді»

Әзірет Сұлтан мешіті бұған дейін 500 адамға ауызашар беріп келген болатын. Қазіргі уақытта мешіттен ауыз ашатын жамағат саны артты. Сол себептен Алла қаласа, биыл күн сайын 800 адамға ауызашар беріледі. Оның ішінде 100-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жетім-жесірлер мен ерекше күтімді қажет ететін жандар, студенттер, қарттар үйі, ардагерлер және мұғалімдер, полиция қызметкерлері мен дәрігерлер де бар. Ауызашарға келетін кісілердің басым бөлігі – әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылар.

Рамазан айында Әзірет Сұлтан мешіті атынан ауызашармен қоса қала ішінде құттықтау баннерлері ілінетін болады.

«Қоғамдық көліктер жұмылдырылады»

Сонымен қоса, құптан намазынан кейін оқылатын тарауих намазында Құран хатым түсіріледі. Тарауих намазынан кейін халықты үйлеріне тегін тасымалдайтын 4 қоғамдық көлік жұмылдырылады. Мешітке келген жамағатқа ауызашар мен тарауих намазында түрлі тақырыптарда уағыздар айтылатын болады.

Рамазан айына байланысты «Рамазан парақшасы» деген атаумен уағыздар мен видео роликтер muslim.kz сайтында жарияланып отыратын болады. Қазіргі таңда оған дайындықтар жүргізіліп жатыр.

«Қадір» түніне де үлкен ауқымды шара ұйымдастырылды»

Қасиетті Қадір түнін қарсы алуға келген жамағатқа ауқымды шара ұйымдастырылады. Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, ғибадатын жасауға келген 12 мың жамағатқа «Қадір» түнінде сәресі беріледі деп жоспарланып отыр.

Рамазан айынан кейін, мұсылмандардың ерекше елеулі мерекесін атап өту барысында 30 күн ораза ұстап, Құдайға құлшылық етіп, ауызбіршілік пен бірлігін сақтаған елге айт намазы кезінде мешіт ауласына арнайы киіз үйлер тігілетін болады. «Айт» мерекесі – діни мереке. Осы жылы бұл мерекені қазақтың ұлттық тағамдарымен, өзге де дәнді дақылдармен ұлттық нақышта тойлау жоспарланып отыр.

Сонымен қоса, Әзірет Сұлтан мешіті Рамазан айында мектеп оқушыларына жазғы сауат ашу лагерін ұйымдастыратын болады. Мектеп оқушыларына арналған жазғы «Сауат ашу» лагері мамыр айының жиырма сегізінде басталады.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз