«Жарқын болашақ» олимпиадасының республикалық кезеңі басталды

0
662

Бүгін елордамыз Астана қаласында «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңі басталды.

Ұйымдастарушылар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қоры, биылғы республикалық кезеңнің  Астана қаласының 20 жылдығы аясында өткізіліп жатқанын атап өтті.

Жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тобында және өзге ұлт
топтарында оқитын 7–11-сынып оқушылары бақ сынайтын қазақ тілі олимпиадасының ашылу салтанаты «НұрОрда» мектеп-лицейінде өтті. 20-21 сәуір күндері еліміздің барлық облыстарынан келген 200-ден астам жас өрен бес бағытта білімдерін паш етеді.

Төрт кезеңнен тұратын олимпиаданың ақтық кезеңінде оқушылар, атап айтқанда, қазақ тіл білімі мен әдебиетінен тест түрінде өтетін «Тілші-әдебиетшілер», ғылыми жоба жарысы – «Жас ғалымдар», жазбаша шығармашылық байқауы – «Жазушылар», мәнерлеп оқу бағыты бойынша «Сөз шеберлері» және «Әнші-бұлбұлдар» атты ән айту байқауларында бақ сынайды.

Әрбір бағыт бойынша олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Оларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары мен бағалы сыйлықтар беріледі. Әр бағыт бойынша дәрежелі орын алған оқушылардың мұғалімдері де грамоталармен марапатталады.


«Жарқын болашақ» олимпиадасы он жыл бұрын қазақ-түрік лицейлерінде бастау алып, кейіннен Білім және ғылым министрлігінің қолдауын тапқан қазақ тілі олимпиадасы. Ұйымдастырушылар аталмыш олимпиаданы өткізу арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсетуді мақсат етеді.

Сондай-ақ, олимпиадада қазақ тілін меңгерумен қатар оқушылардың қазақ тілінде ән айтуы, мәнерлеп оқуы, ғылыми жұмыс қорғауы және шығармашылық қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш олимпиада – еліміздің «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жастарға ерекше қолдау білдіру болып табылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз