Түркия 4 шілдеден бастап қазақстандықтардың келуін шектеді

0
362
Photo: Almaty international airport.

4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының Түркия территориясына өтуі шектеледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев хабарлады.

“Кеше біз Түркия тарапынан ресми шешім алдық. Олар бүгіннен бастап Түркияның ықтиярхаты немесе жұмыс істеуге рұқсаты бар адамдардан басқа азаматтарымыздың келуіне шектеу қойды” деді Ластаев.

Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстан әуе компаниялары Түркияға барып қойған азаматтарды елге әкелу үшін рейстерді жалғастыра береді.

11 маусым күні коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия 20 маусымнан бастап Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия және Жапония елдеріне халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдаған.

Алайда Талғат Ластаевтың айтуынша, халықаралық әуе рейстері тек Түркия мен Оңтүстік Корея бағытында ашылған.

21 маусым күні Түркияның Анталья қаласына ұшып барған қазақстандық жолаушылардың төртеуінен коронавирус анықталған.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы халықаралық әуе рейстері тек Оңтүстік Корея бағытында сақталатынын, жаңа рейстердің ашылмайтынын айтты.

Талғат Ластаев ішкі рейстердің тәртібі өзгермейтінін хабарлады.

“Азаматтық авиация бойынша бүкіл ішкі рейстер орындалады, ешқандай шектеулер жоқ. Бүгінгі таңда 45 бағыт бойынша күніне 71, аптасына 457 рейс орындалады. 45 бағыт бойынша. Ешқандай рейс тоқтамайды” деді ол.

Коронавирус Түркияда алғаш рет 11 маусым күні анықталды. Жиырма күн ішінде вирус елдің бүкіл аймағына тарады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, Түркияда коронавирус жұқтырғандар 203 мыңнан асқан. Ал COVID-19 өлімі 5186-ға жеткен.

Коронавирустың өршуі сәуір айына келген Түркияда мамырдың ортасынан кейін вирустың тарауы баяулаған. Осы себепті ел билігі 1 маусымнан ішкі рейстерді, 11 маусымнан халықаралық рейстерді қалпына келтіре бастаған.

Қазақстанда коронавирус жағдайы алғаш рет 13 наурызда тіркелген.  Ел билігі 16 наурыздан төтенше жағдай енгізіп, қатаң карантин шараларын қабылдады. Ел экономикасына салмақ түскен соң, билік 11 мамырда төтенше жағдайды аяқтап, карантин шектеулерін бірте-бірте ала бастады. Осы уақытқа дейін вирус жұқтырғандар саны қалыпты көлемде өссе, мамырдың соңынан осы күнге дейін індет қатты өршіп кетті. Ресми дерек бойынша, КВИ жұқтырғандар 45 мыңнан асты. Бұдан бөлек жыл басынан бері 1772 адам пневмониядан көз жұмған. Олардың 628-і маусым айында қайтыс болған. Маусым айында 32 мыңға жуық адам пневмонияға шалдыққан. Олардың көбінде коронавирустың клиникалық белгілері бола тұра ПТР нәтижесі теріс шыққан. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова ПТР талдауы коронавирус болса да, теріс шығуы мүмкін екенін растады.

Вирустың жұқтырғандардың көбейгені сонша, ауруханада орын қалмай, дәріханада қажет дәрі тапшы болып қалды. Үкімет 2 маусымда 5 маусымнан бастап екі аптаға карантин тәртібін енгізу туралы шешім қабылдады. Ертеңнен бастап қалааралық автобустар тоқтап, пойыз қатынасы шектеулі тәртіппен жұмыс істейді. Көңіл көтеру, сауықтыру нысандарының жұмысы тоқтайды. (RFL/RL)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз