АҚШ-КХДР саммиті басталуға жақын

0
68

Америка Құрама Штаттары мен Солтүстік Корея саммиті басталуға жақын. Ким Чен Ын мен Дональд Трамп екі ел басшыларының кездесуін өткізу үшін Сингапурға келді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Сингапурға «бейбітшілік миссиясы» үшін бара жатқанын және Солтүстік Корея басшысының «өз халқы үшін пайдалы» дүние жасайтынына үміт білдіретінін айтқан болатын. Сонымен қатар, Трамп алдағы саммит Корея түбегін ядролық қарусыздандыру процесін бастайтынын және ол үшін бір емес бірнеше рет кездесулер ұйымдастыру қажет болатынын айтқан.

Сингапурға келе сала іске кіріскен Солтүстік Корея президенті дипломатиялық бөлімнің басшысымен және Сингапур Республикасының премьер-министрімен келіссөздер жүргізді. Солтүстік Корея басшысының Сингапурға келуі өзінің билік жылдарындағы алғашқы және ең ұзақ сапары болды. Бұған дейін Ким Чен Ын Қытайға бірнеше рет ресми сапармен барған болатын.


АҚШ-КХДР саммиті ертең, 12 маусымда қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан Сентоса курорттық аралында өтеді. Аталған аймақ қазіргі уақытта «арнайы аймақ» деп аталып, барлық жол қозғалысына шектеу қойылды.

Айта кетейік, Сингапурда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, 23 мың құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жергілікті билік АҚШ-КХДР саммитінің ұйымдастырылуына 15 миллион АҚШ долларын жұмсаған.

Сарапшылардың пікірінше, келіссөздердің басты тақырыбы Корея түбегін ядролық қарусыздандыру болмақ. Америка Солтүстік Коряның ядролық қарудан бас тартқанын қалайды. Әйтсе де, Солтүстік Корея бұған қарсылық білдіреді деген де болжам бар және қарудан бас тартқан күнде оның орнына не талап етері әзірге белгісіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз