Екі елдің екінші президенттері кездесті

0
85
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов. Photo: akorda.kz

11 қазанда Түркіменстан астанасы Ашғабатта ТМД басшылары саммитінің отырысы алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркіменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. 

Ақорда сайтының жазуынша, екі ел басшылары “аймақтағы жағдай, түрлі халықаралық формат шеңберінде өзара іс-қимылдар секілді ауқымды мәселелерді” талқылады. Тоқаев Бердімұхамедовке “қонақжайлылығы үшін” алғыс айтты.

– Киелі түрікмен жеріне табаным тиген алғашқы сәттерден бастап маған көрсеткен құрметіңізге ризамын. Өзінің әсемдігімен көз тартатын Ашғабат қаласына тағы келгеніме қуаныштымын. Менімен бірге үлкен делегация келді. Біздің көптеген перспективалы жобаларымыз бар. Екі ел арасында әріптестік өте жоғары деңгейде дамып келеді деп ойлаймын,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркіменстанның ақпарат құралдарының жазуынша, екі ел басшысы мемлекетаралық экономикалық жобаларды жүзеге асыру, энергетика, көлік сияқты стратегиялық салаларда әріптестікті дамыту мәселесін талқылаған. Тоқаев пен Бердімұхамедов көптеген халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсас екенін атап өткен.

Биыл 29 маусымда 62 жасқа толған Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Ол – Сапармұрат Ниязовтан кейінгі елдің екінші президенті.

2017 жылы ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы дауысын алған Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған. Бұл елде президент жеті жылға сайланады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз