Франция – әлем чемпионы

0
97

Ресейде өткен әлем чемпионатының нүктесі қойылды. Бүкіл әлем көз тіккен бәсекеде Франция құрамасы әлем чемпионы атанды. 15 шілдеде финалдық кездесу Мәскеудің “Лужники” стадионында Франция мен Хорватия құрамалары арасында өтті.

Ойынның 18 минутында Хорватия құрамасының шабуылшысы Марио Манджукич өз қақпасына автогол салды. Алайда оның әріптесі Иван Перишич 28-ші минутта есепті теңестірді. Француз сұрмергені Антуан Гризманн 38-ші минутта есепті еселеді. Поль Погба 59-шы минутта есепті 3:1-ге жеткізсе, алты минуттан соң Киллиан Мбаппе хорваттар қақпасынан саңылау таба білді. Марио Манджукич ойынның 69-шы минутында есепті бір ұпайға қысқартты.

Еске салайық, 14 шілдеде футболдан Әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін таласта Бельгия құрамасы ағылшындардан басым түсті. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы “Крестовский” стадионында өткен кездесу 2:0 есебімен бельгиялықтардың пайдасына шешілген болатын.

Франция екінші рет әлем чемпионатында жеңіске жетті. Бұл ел 1998 жылы әлем чемпионы атанған. Ал 2006 жылғы әлем чемпионатының финалында Италиядан жеңілген. Ал Хорватия алғаш рет әлем кубогының финалына шықты. Бұл ел 1998 жылғы әлем чемпионатында қола медаль алған. Сол кезде жартылай финалда Франциядан жеңілген еді.

2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында 32 команда ойнайды. Катардағы турнир қараша мен желтоқсанда өтпек. Ал 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастыратын әлем біріншілігіне 48 команда қатысады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз