Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірлігіне (БАӘ) жасаған мемлекеттік сапары барысында БАӘ Қарулы күштерінің Бас қолбасшысының орынбасары және Абу-Дабидің тақ мұрагері Мұхаммед бен Зайд Әл Наһиянмен кездесіп, оны Қазақстанға мемлекеттік іс-сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мұрагер ханзада екі ел ынтымақтастығы жөнінде кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас қарым-қатынастар мен табысты кездесулер екі ел арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін айто отырып, «Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі 2 есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жетті. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 6 есе артты», деді.
Келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойды.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;
- Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін (полиэтилен өндірісі) салуға қатысты ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум;
- Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауыт жұмысына қатысу үлесін сатып алуға байланысты өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының 49% акциясын сатып алудың негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім;
- «DP World» компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының капиталына қатысуының негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім;
- Дубайдағы «ЭКСПО-2020» дүниежүзілік көрмесіне қатысу туралы шарт.