Салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны

0
6,618

Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызды қазақ халқы барынша салт-дәстүрлерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыратындай берік ұстанып, кеңінен пайдаланып келеді. Әйтсе де бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған салт-дәстүрімізді игі мақсаттарда қолдану, ұмытылып бара жатқандарын қайта жаңғырту, халық арасында қайта дәріптеу әрбір исі қазақтың міндеті. Көп ескерілмейтін дәстүрлерді біле жүру, жастар арасында насихаттау – артық етпейтін іс.

Салт-дәстүрді, бала тәрбиелеуді басты міндет деп білген қазақ даналары «Қызың жақсы болсын десең – қылықтымен ауыл бол, Ұлың жақсы болсын десең – біліктімен ауыл бол» дейтін. Халқымыз ата-баба өсиетін берік ұстанып, қыз бала ес біліп етек жеңін жинай бастаған кезден-ақ текті, тәрбиелі, иманды, адамгершілігі жоғары, өнерлі ортамен қарым-қатынас жасап, оларға жақын болуға икемдейтін. Қазақ қызын әрқашан да сыпайылыққа, инабаттылыққа, қисық мінез кеселді сөзден аулақ болуға тәрбиелеген. Ұлын батылдық пен батырлыққа, турашылдық пен шыншылдыққа, имандылық пен даналыққа бағыттап тәрбиелеген.

Бүгінде қазақ ұлтының салт-дәстүрін, жол-жоралғыларын қайта дәріптеуді, жастарға насихаттауды өзіне борыш етіп алған ақын, дәстүр зерттеушісі Қасымхан Сейітханұлы Бегманов, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға толығырақ жауап берді.

– Ұлыстың Ұлы Күні Әз-Наурыздың қазіргі таңда ұмытылуға шақ қалған салт-дәстүрлері қандай?

– Қазақ халқының ұлттық дәстүрі – ұлттық рухтың тайқазаны. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жеке адам емес, бүкіл қоғам бірлесіп жасайды. Халық ұлт болып өмір сүруі үшін оның әдет-ғұрып, салт-сана түріндегі ұлттық дәстүрлері болуы қажет. Жер бетінде қазақ деген ұлт болып кеңінен танылуымыз үшін, ұлттық сана сезімімізді оятып, ұмыт болуға таяған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды міндетін деп біліп, қолға алуымыз керек.

Бабалар салып кеткен дана жолмен, ата салтымызбен өмір сүру – ұлттығымыздың басты міндеті. Дәстүрге сай өмір сүру, оның кейбір тұстарын заман талабына сай жаңғырта, бейімдей отырып қолдану – өнершілдіктің белгісі. Жас ұрпақты ата салтымызбен тәриелеу, бабаларымыздың болашақ ұрпақ үшін ақ білектің күшімен салған даңғыл жолымен жүріп, дәстүді сақтап өмір сүруі – әрбір қазақтың ұлт алдындағы азаматтық борышы.

«Көрісу» дәстүрі

Наурыз мерекесіндегі ұмыт болған салт-дәстүрлерге келетін болсақ, қазақ ұлтымен қоса шығыс халықтарының жаңа жылы болып есептелінетін төл мерекемізбен араға жылдар салып қайта қауыштық. Наурызды Кеңес үкіметі діни пәлсапа деп тойлауға тыйым салмас бұрын қазақ халқы ХХ ғасырда соңғы рет 1926 жылы ғана тойлапты.

Халықтық сипаттағы ұлттық мерекемізді тәуелсіздік алғаннан кейін «мемлекеттік мереке» деп саналып, еркін тойлай бастадық. Аллаға шүкір.

Қазіргі таңда көпшілігіміз Найрыз тойын салт-дәстүрлерімізге сай тойлап жүрміз. Әйтсе де сол дәстүрлеріміздің көбісі ұмытылып барады.

Негізгі ұмытылған дәстүр – қазір Қазақстанның батысында қайта жанданған «Көрісу» дәстүрі. Бүгінде бұл дәстүрді естімеген қазақ жоқ. Дегенмен батысқа тән деп орындамай жүргендері қаншама. «Көрісу» дәстүрі қыстың қаһарынан аман шыққан адамзаттың бір бірімен қуанышып, сүйіншілесіп, жаңа күннің, жаңа жыл мен жаңа айдың бастау алғанына білдірген қуаныш сезімінен туындаған.

«Сәлем беру» дәстүрі

Қазақта тағы бір ұмытылуға шақ қалған «Сәлем беру» дәстүрі бар. Алыстан келген жолаушы не болмаса сол ауылдың адамы ұзақ жолдан келген болса, алдымен ауылдың ақсақалдарына арнайы іздеп келіп сәлемін алуын айтады. «Сәлем – сөздің анасы» демекші кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген мақалға сай ақсақалдарымыздың өзі бастамашы болып амандасуды ар санамаған. Қартқа сәлем бере барсаң, ол батасы мен дұға тілегін қоса жібереді. Ақсақалдың дұғасын алдым дегенше, жолым болды дей бер дейді.

«Қынаменде» дәстүрі

«Той – халықтың қазынасы» дейді. Ұмытылған салт-дәстүрлерді айта келе қазақтың тойына байланысты «Қынаменде» дәстүрін қайта жаңғыртуды қолға алсақ ұлтымыздың тойы да жарасынды болар еді. Бұл дәстүр жаңадан туыс болғалы отырған екі әулеттің, яғни құдалар қалыңдықты алып кетуге келген кезде жасалатын дәстүр. Екі ауылды жақындату, достық рәуіш орнату мақсатында туған, дала халқына тән әзіл-оспақ, қараған жұртты күлкіге қарық қылдыратын театрландырылған юмордың бір түрі.

Жиылған жұртты күлдіру мақсатында қонақ бола келген бас құданы шаңыраққа екі қолтығынан асып қояды. Сосын құдаға; «Құдеке, су ішіңіз, тамақ алыңыз! Қораз болып ақырыңыз, ит болып үріңіз», деп қалжыңдасып, неше түрлі өнер көрсетуін өтінеді. Бұл жердегі құданы басты назарға алуындағы мақсат «Құда – мың жылдық», дейді, болашақ туыстарымен ара-қатынасты жақсарту, елді күлкіге қарық қылдыруда жатыр. Құдаларды тізеге баса отырып күлдіреді екен. Құданы ортаға алып барлық ауыл халқы күлкіге батып жатқанда, ауыл ақсақалы келіп «Қанекей, құданы қинамаңдар!», дейді екен. Ал қаныменде сөзінің өзі «қинамаңдар» сөзінен шыққан. Міне қазақтың «Қаныменде» дәстүрі осыдан қалған.

– Әз-Наурыздың ерекше салт-дәстүрі «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» қазіргі қоғамда қаншалықты сақталып тұр?

– Күн мен түн теңелетін Наурыз айының 21-нен 22-не қараған түн базғы заманнан бері-ақ ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңесуімен тұспа-тұс айтылды.

Сол себептен барша қазақ халқы тап осы түнді ұйқысыз отырып қарсы алып, шуағын шашып шыққан күннің көзін алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа балаған. Жаратқанға жалбарынып, кіріп келе жатқан жылдың құтты жол болуын дұға-тілектеріне арқау еткен.

Ал қыз-келіншектер мен жастар түні бойы өлең жырлар оқып, алтыбақан тебісіп, ауылдың алты ауызын жырға қосып, күліп ойнап таң атқызатын болған.

Үлкендері жоқ үйде жиналып бастаңғы жасап, (Міне тағы да бір қазіргі уақытта ескерусіз қалып бара жатқан «Бастаңғы» дәстүрі) дастархан басында ән-жырдан айтысып, қалжыңдасып өздерінше тойлайды. Жыл бастағалы отырған осындай әдемі кеште көптен ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға тырысқан. Ал қыздар бұл бастаңғыда тәтті-дәмді тағамдар әзірлеген. Мұндай қарбалас, у-шу кеште ұйқы тұрмақ мүлгуді де ойлай алмаған жігітке қыздар ұйқыңды аш деген сылтаумен «Ұйқыашар» тәттілерін ұсынған.

Бұған жауап ретінде қапы қалмай, «Селтеткізер» деген дәстүрмен қызға айна-тарақ, шолпы, сырға деген сынды дүниелерді ұсынған.

Бұл дәстүр қазіргі қоғамда сақталып тұр, кеңінен пайдаланылып, дәріптеліп жатқан дәстүр дей алмаймын. Аталған салт-дәстүрлеріміздің барлығы дерлік – қайта жандандыруға тұрарлықтай, қазақ ұлтының ұлылығын әспеттеп көрсете білетін дүниелер. Ендігі тілек – жастарымыз осы «Ұйқыашар» мен «Селтеткізерді» сынды дәстүрлерімізді қайта жандандырып, ұлтымыздың дана да көркем жол-жоралғыларын насихаттай білсе! 

Қазір көпшілік біле бермейтін, пайдаға жаратуды ұмыт қалдырған салт-дәстүрлеріміз жайында айта берсек – өте көп. Салт-дәстүр турасында бетін ғана қайырған жарамас. Өткен жылы шыққан «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген кітабымда салт-дәстүрді жетік меңгерген ақсақалдар мен білікті мамандардан алған сұхбаттарым, зерттеулерімнен құралған төрт томдық кітабымды өскелең жүрегі қазағым, ұлтым деп соғатын ұрпаққа аманат етіп қалдырдым.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз