Алапат өрттен кейін Кемерово губернаторы қызметінен кетті

0
103
ria novosti

Ресейдің Сібір федерал округіне қарасты Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев қызметінен кетті.

Губернатор Төлеев 25 наурыз күні 64 адамның өмірін жалмаған сұрапыл өрттен кейін өз еркімен отставкаға кету туралы шешім қабылдап, президент Владимир Путинге өтініш білдірген. Путин Төлеевтің өтінішін қабыл алды, деп жазады ресейлік масс-меиа құралдары.

73 жасар Аман Төлеев 1997 жылдан бері Кемерово облысының губернаторы қызметін атқарып келді. Егер де өз қалауымен отставкаға кетпегенде, 2020 жылға дейін жұмысын жалғастыруына болар еді.

25 наурыз күні Кемерово қаласының «Зимняя вишня» ойын-сауық-сауда орталығында «немқұрайлылық» салдарынан болған өртте 64 кісі (оның 41-і – балалар) қаза тапқан болатын.

ПУТИННЫҢ ПОРТРЕТІ ЖАНЫНДА ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Үш минуттық видео арқылы отставкаға кету туралы Путинге хат жазғанын мәлімдеген Төлеев:

Құрметті Кемерово жұртшылығы, қолымнан келгенін жасап бақтым. Опат болғандардың жақындарымен кездесіп, көмек көрсету мәселесін реттеуге тырыстым. Тағы да қайғыра отырып көңіл айтамын. Бірақ өмір сүруді, бұдан әрі ілгерілеуді жалғастыруымыз керек қой. Жоғалтқандарымызды есте сақтау үшін өмір сүруіміз қажет», – деді.

Төлеевтің жанында Путиннің портреті тұрғаны қырағы көзден таса қалмады.

Сөзінің соңында Төлеев «осыншалықты ауыр жүктің астында» қызметін жалғастыра алмайтынын айта келе, отставкасының «жалғыз дұрыс шешім» болатынын жеткізді.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз