«Үлкен жетілік» елдерінің сыртқы істер министрлері Сириядағы Шығыс Ғұтада химиялық қарудың қолданылуын «табандылықпен» сынға алған бірлескен мәлімдеме жасады. Дүйсенбіде Канада премьер-министрі Джастин Трюдоның сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, G7 елдері министрлері АҚШ, Ұлыбритания, Франция тарапының Сирия үкіметінің химиялық қару қолдану мүмкіндігін шектеуге бағытталған іс-әрекетін құптайды.
«Химиялық қаруды қолдану химиялық қару туралы Конвенцияны бұзу болып саналады және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіреді», – деп хабарланады мәлімдемеде. G7 елдері министрлері Сириядағы шиеліністің шешілуіне «бұрынғыдай бейілді» екендерін жеткізді.
G7 Скрипальдің улануын сынға алды
Сондай-ақ Оттавада жиналған G7 елдері сыртқы ведомство басшылары Басты барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальдің Британиядағы Солсбериде улануына қатысты мәлімдеме жасап, аталған әрекетті айыптады, деп жазады dw.com. Министрлер Ресейді «Солсбериде болған жағдайға қатысты барлық сұрақтарды қарастыруға» шақырды. «Жетіліктің» Сыртқы істер министрлері аталған жайтқа қатысты Ұлыбританияның бағалауымен келісетіндерін алға тартты. Британия «Ресей жасалған шабуылға қатысты мүмкін жауапты, себебі ойға қонымды түсініктеме жоқ» деп мәлімдеген еді.
G7 ірі 7 мемлекеттің басын қосатын бірлестік. Аталған бірлестік қатарына: Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, АҚШ, Франция және Жапония кіреді.