Ағылшын тілді “Akzhol” мектебі бүлдіршіндерді қабылдауды бастады

0
671

Астанада алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына ағылшын тілі мен математиканы тереңдетіп оқытуға бағытталған “Akzhol” мектебінің директоры Роза Аксейтовнамен сұхбаттасудың сәті түсті. Мектеп әкімшілігі қазіргі таңда 1 және 3 сынып аралығындағы бүлдіршіндерді қабылдауды бастады. Тек қана бастауыш сыныптары үшін ағылшын тілін тереңдетіп оқыту мақсатында елордада алғаш рет ашылған білім мекемесінде мектеп бағдарламасынан бөлек Қытай тілі, гимнастика, қол өнер, карате, вокал, хореография, фортепиано, шахмат үйірмелері ұйымдастырылған.

Назарларыңызға “Akzhol” мектебінің директоры Роза Аксейтовнаның “Kazaknews.kz” ақпараттық агенттігіне берген сұзбатын ұсынамыз.

– “Akzhol” мектебінің елордалық өзге мектептерден ерекшелігі қандай?

– Әрине біз мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Дегенмен, ағылшын тілін ерекше тереңдетіп, ден қойып оқытамыз. Сонымен қоса математика пәнін “Петерсон” бағдарламасы бойынша оқытатын боламыз. Мемлекеттік мектептердің қазіргі таңда ұзартылған күн тобы бойынша сабақ өткізуге аса мүмкіншілігі бола бермейді. Ақжол мектебінің мемлекеттік мектептерге қарағанда басты ерекшеліктерінің бірі осы, балалар сабақты ұзартылған күн тобы бойынша оқиды. Яғни таңғы 9-дан кешкі 17:00- ге дейін мектеп бағдарламасы және балалар таңдаған үйірмелер бойынша сабақ жүргізілетін болса, 17:00 мен 19:00 аралығында кезекші мұғалімдер балалармен жеке жұмыс жасайтын болады.

– Оқу бағдарламасындағы сіз назарға алып отырған негізгі ұстанымдар?

– Оқу бағдарламасындағы біз ұстанып отырған басты “фишка” өзге жеке меншік немесе мемлекеттік мектептердегі сынды емес, сыныптағы оқушылар саны аз болады. Яғни бір сыныпта 12-15 бала ғана білім алады. Сонымен қоса әрбір бала назардан тыс қалмайды. Яғни балалар кезекші мұғалімдердің көмегімен бос уақыттарын тиімді өткізіп, сабақ үлгерімдерін де бақылауға алады. Мұндай ұстанымдар елордалық өзге мектептерде жоқ деп айтпаймын. Қазір заман дамыған. Мәселен Астанада өзім бұрын жұмыс істеген Нұрорда мектеп интернатында да балалар үшін өте тиімді жағдай жасалынған. Мектеп бағдарламасы мен базасы біркелкі, білім алушылар үшін қолайлы. Мектепте балаларға тек білім беріп қана қою аздық етеді. Оларға көңіл бөліп тәрбиеге баулудың өзі бір ғанибет.

Дегенмен, мұндай мектептерді барлық ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Ақжол мектебі енді ғана бой көтеріп жатқан шағын білім ордасы. Бүлдіршіндеріміздің сапалы білім алуы үшін қолдан келгенін жасаймыз. Біздің ұстанып отырған бағытымыз ата-аналардың сұранысы. Әрбір ата-ана баласының ерекше назарда болып, терең білім алуын қамтамасыз етуді қалайды. Алдағы уақытта тек бастауыш сыныптарымен ғана шектелмей орта сыныптарды да қосу жоспарымызда. Мектептің ашылу жұмыстарын кеш бстадық сол себептен биылғы жылы тек 1-3 сыныптар аралығында оқитын балаларды қабылдайтын боламыз. Келер жылдан бастап 4 сынып оқушыларын қабылдауды жоспарлап отырмыз.

Мектеп бағдарламасынан бөлек үйірмелерге тоқтала кетсек. Қазіргі уақытта балаға пайдалы шахмат, карате, вокал, хореография сынды үйірмелерді табу аса қиын деп айта алмаймыз. Алайда нейрофизологтар қауымы қытай тілін мидың қабылдауына ауырлық тудыратын ең қиын тілдердің қатарына жатқызады. Әлемдегі қиын тілдердің бірін 6-8 жас аралығындағы бүлдіршіндерге үйретудегі басты құрал?

– Балалар саны едәуір өскеннен кейін бағдарламаға қытай тілін қосып алу жоспарымызда бар. Буыны қатпаған баланың бойына пайдалы дүниені қалыптастыру игі іс. Бұл жастағы балалардың қабылдау түйсігі керісінше жылдам әрі жақсы жұмыс істейді. Бұл тұрғыда біз Астанадағы қытай елінің елшілігімен байланысып мұғалімді сол жерден сұраттық. Әзірге қытай тілі мұғалімінің сабақ жүргізу әдісін қалай жасайтынын, қандай ерекшеліктер болатынынан бейхабармыз. Қытай тілін негізгі пән ретінде емес үйірме қатарына қосылды. Сол себептен тілдік үйірме аптасына 2 рет жүргізіліп отырады.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз