Ыстықкөлде өтіп жатқан III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасы жарыс жолына қайта қосылды.
3 қыркүйек күні “Көк-бөрү” бойынша топтық кезеңнің бірінші ойындары өткен болатын. Қазақстан құрамасы бірінші боп Краснояр аймағының командасымен кездесуі керек еді. Алайда қазақтар ойынға қатыспады.
Бұл туралы Қазақстан көкпар федерациясының басшысы Ерлен Оспанов: “Құрама жарысқа толыққанды барып, мандаттық коммиссиядан өтті. Бірақ бүгін ойын халықаралық тәртіпке сай келмегендіктен және аттарды уақытында бізге бермегендіктен біз турнирге қатысудан бас тарттық” — деп мәлімдеді.
Ал, Қырғызстан жергілікті БАҚ өкілдері: “Қазақстан құрамасы жарыс жолына қайта шығады. Красноярға қарсы техникалык жеңіліс болмайды, қос команда қайтадан кездеседі”, – деді.
5 қыркүйек күні Қазақстан үшінші топтық кезең бойынша АҚШ командасымен кездеседі.