Режиссер Ақан Сатаев “Томирис” картинасында Кир патшаның рөлін сомдайтын актердің есімін айқын етті.
Сатаев өзінің Instagram парақшасында Кир патшаның рөлін танымал голливудтық актер Гассан Массудтың сомдайтынын жазды. Актердің Ридли Скоттың фильмдеріндегі әсерлі рөлдерімен танымал екендігін жазған Сатаев бүгін “Томиристегі” алғашқы түсірілімде екендігін де хабарлады.
Гассан Массуд 1958 жылы Дамаскта дүниеге келген. Театр өнері мектебін тәмамдап, Тунистегі араб-африкалық театр мектебінің негізін қалаған. “Аспан патшалығы” (Саладин рөлін), “Бөрі жотасы: Ирак” (Хассам әл Сакун рөлін), “Соғыс” (лок Джуд рөлін), “Кариб теңізінің қарақшылары: жер түбіне” (Аманд капитан рөлін), “Серт” (Салхави рөлін) сынды картиналардағы рөлдерімен танылды.
Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы “Сатай фильммен” бірлесіп тарихи “Томирис” кинокартинасының түсірілімін өткен жылы қолға алған еді. Түсірілім осы жылдың желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс. Картинада сақ тайпасының патшайымы Томирис жаһанды жауламақ болған парсы патшасы ІІ Кирге ойсырата соққы берген біздің заманымызға дейінгі VI ғасыр суреттеледі. Томирис патшайымның рөлін картинада Альмира Тұрсын сомдайды. Тұрсынның бұл картинадағы алғашқы дебюты.
Сафина Саид