Әлемдегі ең жас құсбегі қызға “Білім-инновация” ХҚҚ білім грантын ұсынды

0
185
Сурет авторы: Сұңғат Измахан

Жаһанға “The Eagle Huntress” деген атпен танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы атамекені Қазақстанға келді. “QAZAQSTAN” РТРК АҚ мен “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырған арнайы сапар арқасында Айшолпан тарихи отанын тұңғыш рет көру мүмкіндігіне ие болды.

Суретте солдан оңға қарай: “Білім-инновация” ХҚҚ президенті Дархан Өте, Бүркітші қыз Айшолпан, Айшолпанның анасы, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан, “QAZAQSTAN” РТРК төрағасы Ерлан Қарин.

«Бүркітші аңшы қыз» фильмі шыққаннан кейін Айшолпан Нұрғайыпқызы әлемдік білім мен ғылым саласында көшбасшы саналатын Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алған болатын. 21 қыркүйек күні құсбегі қызбен кездесу мақсатында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында “Білім-инновация” ХҚҚ  Айшолпанға құны 20 мың доллар тұратын білім грантын тағайындады. Бұл туралы қор президенті Дархан Өте мәлімдеді. Құсбегі қыз бұл грантты әлемнің айтулы жоғары оқу орындарына бармас бұрын шет тілін жетілдіру мақсатында қолдануына болады. Егер ол грантты қабылдаса Астанадағы Spectrum халықаралық мектебінде білімін жалғастырады.

“Бүгінгі жағдай біз үшін өте маңызды әрі әсерлі болып отыр. Бір кездері Айшолпан туралы сюжетті көріп оның өнеріне таңырқаған едім. Ол өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әлем назарын өзіне аудартып, кішкентайынан үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Осы күнге дейін Айшолпан 30 елді аралаған. Бір Американың өзіне 8 рет барған. Мен көрген сюжетте “Қазақстанды көру — менің басты арманым” деп жүректі елжіретті. Осыған орай, бүркітші қызды тарихи отанына алып келуді жөн көрдік. Жалпы Айшолпан моделінде өзіміздің ұлттық құндылығымызды тағы да дәріптей түссек дейміз. Неге десеңіз, жаһандану үдерісінде жастарымыз ұлттық код пен ұлттық келбеттің не екенін білмей жүр”, — деді Дархан Өте.

Баспасөз мәслихаты барысында “Көшпенділер” фильмі де таныстырылды. Деректі фильм Айшолпан Нұрғайыпқызы турасында баяндайды. Алдағы уақытта Айшолпан анасы екеуі Қазақстанды аралап “Білім-инновация” қорына қарасты мектеп оқушыларымен кездесу өткізеді.

Айшолпан туралы не білеміз?

  • Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы жергілікті мектептердің бірінде 12 сыныпта оқиды;
  • Айшолпанды құсбегілікке баулыған – әкесі Нұрғайып;
  • 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымында «Қазақтың салт-дәстүріндегі асыл құндылықтардың бірі – құсбегілік өнерін игерген он үш жасар жалғыз қыз» деген тақырыппен мақала жарияланған;
  • 2016 жылдың  қазан айында атақты америкалық режиссер Отто Белл Айшолпан туралы  «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмін  көпшіліктің назарына ұсынды;
  • Ол Азия мен әлемнің дамуына қосқан үлесі үшін «Asia Game Changer Awards 2017» премиясын жеңіп алды;
  • «Бүркітші аңшы қыз» фильмі шыққаннан кейін Айшолпан Нұрғайыпқызы әлемдік білім мен ғылым саласында көшбасшы саналатын Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алды;
  • Моңғолия премьер-министрімен кездесуінде өзіне киноның ұнайтындығын алайда дәрігер болғысы келетінін айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз