Оқи отырыңыз: Футболдан ұлттық құрама Латвияны қабылдайды
15 қарашада футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Латвияға қарсы Ұлттар лигасы топтық кезеңіндегі бесінші ойыны тең аяқталды. “Астана Аренада” өткен кездесуде командалар ойынды 1:1 есебімен қорытындылады.
Бірінші таймда Гафуржан Сүйімбаевтың соққан голы Қазақстанды алға шығарған болатын. Алайда, екінші тайм басында қонақтар шабуылын үдетіп, қақпа алдындағы қарбаласта Денис Ракель есепті теңестіріп кетті.
Vesti.kz хабарлағандай, Станимир Стойлов жаттықтыратын ұлттық құрама шабуылда ширақ ойнағанымен, гол соғатын сәттер аз болды. Мүмкіндік болса да, шеберлік жетіспеді. Шеберлік жетіскен тұста, қарсыластары қырағылық танытты. Нәтижесінде екі құрама да бір-бір ұпайдан еншілеп, еселерін жіберген жоқ.
13 қазан күні Ригада өткен ойында да екі құрама 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Бұл жолы да сол есеп қайталанды.
Қазақстан құрамасы топтағы соңғы ойынын 19 қараша күні түзде Грузия құрамасына қарсы өткізеді. Осы ойынмен ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы бәсекесі аяқталады. Ал топта бірінші орын алған грузиндер 2020 жылғы Еуропа чемпионаты жолдамасы үшін таласқа түсетін болады.