Бішкектегі Қазақстан елшілігі алдында қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайға байланысты “Кыргыз чоролору” қоғамдық ұйымы “Қазақ-қырғыз бір туған” деп аталатын митинг жариялап, белсенді азаматтар Қазақстан президентіне үндеу жолдады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Митингіге шыққан белсенді азаматтар қолдарына “Назарбаев, екі елдің ынтымағын бұзба!”, “Заңдары сақталмайтын Еуразия экономикалық одағы бізге керек пе?”, “Елді ойла!” деп жазып алған плакаттар ұстаған.
«Қазір Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Орын алып отырған жағдайдан екі ел азаматтары бірдей зардап шегіп жатыр. Ал Қырғызстанда шекарада 250-300 жүк көлігінің 4-5 тәулік кезекте тұруы шаруалар мен жүргізушілерді зор шығынға батырып отыр, – дейді белсенділер.
Митингіге шыққандар Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған үндеуін елшілік қызметкеріне тапсырды.
10 қазаннан бастап екі ел шекарасында тексеру күшейтіліп, шекара бекетінде адамдар мен көліктерден құралған үлкен кептелістер пайда болған болатын.18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан.
Жадыра Аманбайқызы