Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастарды шет тілдерін, әсіресе қытай тілін үйренуге шақырды.
Елбасы бұл туралы 1 желтоқсан күні Астанада “Назарбаев зияткерлік мектептері” (НЗМ) дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған “Ұлы дала мұрагерлері” атты форумда айтқан.
“Биылғы оқу жылында НЗМ оқушылары екінші шет тілді өз таңдауы бойынша оқи бастады. Жаһандану дәуірінде шетел тілдерін білу өмір қажеттілігі болып отыр. Ең көп тараған тіл – ағылшын, екінші орында испан тілі деп саналады. Бірақ біз үшін қытай тілі өте маңызды”, – деді Назарбаев.
Азаттық радиосының хабарлауынша, Елбасы қазіргі кезде Қазақстанның жалпы сыртқы сауда көлемінің 20 пайызын Қытаймен арадағы сауда құрайтынын айтқан. Ал Ресеймен көрсеткіш – 22, Еуропа Одағымен – 30 пайызды құрайды.
“Жапонияда да, Қытайда да бизнес ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ экономикалық байланыс миллиардты құрайтын қытай тілі басым болатынын көрсетеді. Мен үйреніп көрген жоқпын, бірақ өзгелермен салыстырғанда қазақтарға жеңіл деп айтады”, – деген Назарбаев.