Кения атлеттері Қазақстан атынан жарысқа қатысады

0
86
Кениялық Норе Джируте (571-нөмірде) Африка чемпионатына қатысып жатқан сәт. Дурбан, 26 маусым 2016 жыл.

Кениялық бірнеше атлет Қазақстан азаматтығын алған. Олар енді осы ел атынан халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлайды.

25 қаңтарда Өскеменде жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста ерлер арасында 1500 метрге жүгіруде 19 жастағы Шэдрак Кимутаи Коеч чемпион атанды. Ал әйелдер арасында 1500 және 3000 метрге жүгіруде алтынды 24 жастағы Каролине Кипкируи иеленді. Күміс және қолаға 23 жастағы Норе Джируте мен 22 жастағы Дэйзи Джепкемей ие болды. Бұл төрт атлет Кенияда туған. Ал Өскемендегі жарысқа Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан.

Каролине Кипкируи.

Төртеуін де кениялық бапкер Кен Ротич жаттықтырады. Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің ресми сайтындағы дерек бойынша, Кенияда туған атлеттер Өскемендегі жарысқа Қазақстан спортшылары ретінде қатысқан.

Өскемендегі турнирде кениялық спортшыларды Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова және Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Данил Ахметов марапаттады.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Григорий Егоров vesti.kz сайтына кениялық атлеттердің Қазақстан азаматтығын алғанын растаған. Бапкердің сөзінше, қазір кениялық спортшылардың Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысу мәселесі шешіліп жатыр.

Қазақстан атынан жарысқа қатысуды жоспарлайтын Кения атлеттері Африка чемпионаттарында және әлемдік жарыстарда жүлде алған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз