23 ақпан күні, сағат 12:00-де Есіл өзені Амфитеатр аумағында елордада жыл сайынғы «Бұрқасын – 2019» қысқы фестивалі өтеді. Астана қаласының әкімдігі барлық қала тұрғындары мен қонақтарын демалысты көңілді өткізуге шақырады. Жиналғандар шана, шаңғы теуіп, хоккей мен қысқы футбол ойнайды. «Бұрқасын» фестивалі ақпан айының соңғы демалыс күндерінде Есіл өзенінде ұйымдастырылады. Бұл биылғы қыс мезгілінің соңғы шарасы болмақ.
Фестиваль шеңберінде қысқы ойын-сауықтардан басқа жарыстар да өткізіледі. Ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталады. Додаға қатысушылар 8 спорт түрінен шеберлік байқасады. Атап айтқанда, шаңғы жарысы, гір көтеру спорты, армрестлинг, шайбалы хоккей, белбеу күресі, қысқы шағын футбол, арқан тарту және мотоспорт. Әр жарыстың қорытындысы бойынша 1, 2, 3-оры орындардың иегерлері анықталады.
Жарыстарға денсаулығына қарай барлық ниет білдірген жандар қатыса алады. Тіркелу үшін жеке куәлік қажет. Қатысушылардың жеке спорттық керек-жарақтары болуы керек, қажет болған жағдайда, оны прокатқа алуға болады. Аталмыш шара Астанада 19-шы рет өткізілмек. Жыл сайынғы қысқы фестивальге елорданың мыңнан астам белсенді тұрғыны жиналады.