Қазіргі таңда Ташкенттің бірқатар аудандарында орналасқан үлкен мешіттерде азаншылар дауыс зорайтқыш арқылы азан шақыруды бастады, деп хабарлайды Сa-news.
Өзбекстанда соңғы 10 жылда тұрғындардың өтініштері бойынша азан тек мешіттің ішінде ғана оқылғандықтан, азанды намазға келушілер мен мешіт маңындағылар ғана ести алатын.
Ташкент БАҚ өкілдерінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда қала ішіндегі азан шақырылған дауыс мешіттен 300-500 метр қашықтықта естілді. Алайда мешіт имамдары мен азаншылар жоғарғы биліктің азан дауысын әлі де ұлғайтуға мүмкіндік берерінен үмітті.
Мемлекет астанасынан өзге Андижан және Ферғана облыстарының мешіттеріне де дауыс зорайтқыштар арқылы намаз оқуға рұқсат етілді.
Республика мешіттерінде азаншылар өздігінен дауыс күшейткіш арқылы азан шақырғанымен, мемлекет билігі тарапынан мешіттерде азан дауысының ұлғаюына байланысты ауызша немесе жазбаша рұқсаттамалар туралы нақты ақпарат жоқ.
Ресми деректер бойынша, қазіргі таңда Өзбекстанда бес мыңнан астам имам мен олардың орынбасарлары қызмет атқаратын 2037 мешіт жұмыс істейді.