28 наурыз күні Дариға Назарбаева Парламент Сенатының спикері ретінде алғашқы жалпы отырысын өткізді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.
Бүгінгі отырыста Дархан Сатыбалдының депутаттық өкілеттігін тоқтату, Қайрат Қожамжаровты Сенаттың тұрақты комитетінің құрамына сайлау, сондай-ақ Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедті сайлау мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек сенаторлар “Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы” және “Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы” заң жобасын талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дариға Назарбаева Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметін атқарған еді. Ол 20 наурыз күні ҚР Парламенті Сенатының спикері болып сайланды.