24 мамыр күні АҚШ-та Нобель сыйлығының лауреаты, физик Марри Гелл-Манн 89 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Санта-Фе Институтының сайты жазды.
“Осынау қиын сәтте ғалымның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз”, – делінген хабарламада.
Гелл-Манн 1929 жылы Нью-Йоркте туған. 15 жасында Йель университетіне оқуға барады, соңынан Массачусетс технологиялық институтының аспирантурасына түсті. 23 жасында физиканың қарапайым бөлшектер саласында революция жасап, каондар мен гиперондар сияқты қарапайым бөлшектерге түсініктеме берген жұмысын жариялады. 1969 жылы Гелл-Манн қарапайым бөлшектердің өзара әрекеттестігі мен жіктеліміне қосқан үлесі үшін физика саласында Нобель сыйлығын алды.