Алматыда науқастарды жоспарға сай стационарға жатқызу және поликлиникаға қабылдау тоқтатылды. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
“Жоспарға сай, ауруханаға жатқызу және алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша алдын алу жұмыстары тоқтатылды. Шұғыл операциялар жасалады, оларға ПЦР-тесті қажет жоқ” делінген басқарма хабарламасында.
Басқарманың хабарлауынша, бұл өзгерістердің аяғы ауыр әйелдерді бақылау және скринингтен өткізу процесіне қатысы жоқ.
Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, “алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары профилактикалық тексерістерді тоқтатқан”, “жоспарлы түрде стоматологиялық қарау, медициналық оңалту шаралары, оқушылардың денсаулығына қатысты шаралар, медициналық-психологиялық қарау, медициналық әлеуметтік құжаттарды рәсімдеу” тоқтаған.
Коронавируспен күрес жөніндегі штабтың айтуынша, Алматы облысында да осыған ұқсас шара қабылданған. Мұндай шектеулер эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін күшінде болады.
Күн сайын мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жатқан Қазақстанда бұған дейін ауруханалардың толып, стационарда орын тапшы екені хабарланған еді. Денсаулық сақтау департаменті өкілдері жағдайы ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызатынын айтқан. Билік кейбір ғимараттарды коронавирус жұққан науқастарды емдейтін стационарға айналдыратынын хабарлады.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында – 4781 адамнан коронавирус табылған, (1311 адамда ауру белгісі жоқ, 3470 адамда ауру белгісі бар), Алматы облысында 1422 адамнан (802 адамда коронавирус белгілері бар, 620 адамда ауру белгісі жоқ) коронавирус анықталған.