Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігі араға апта салып, елде коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасын жариялады. Ресми дерекке сай, 30 маусым – 6 шілдеде елде 76 адам COVID-19 дертінен көз жұмған.
Қарағанды облысында – 24, Ақмола облысында – 9, БҚО мен Атырау облысында – 7, Маңғыстау облысында – 5, СҚО, Шымкент, Алматы қаласында – 4, Алматы облысында – 3, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Нұр-Сұлтанда – 2, Павлодар облысы, ШҚО, Қызылорда облысында – бір-бір адам коронавирустан қайтыс болған.
Марқұмдардың ең жасы 32-де, ең кәрісі – 88 жаста. Елде ресми дерек бойынша, 6 шілдеге дейін коронавирустан 264 адам көз жұмды.
2 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде COVID-19 дертінен қайтыс болғандар саны аптасына бір рет жарияланады деп мәлімдеген.
5 шілдеден бастап елде екі апталық карантин жарияланған. Қазақстанда вирус жұқтырғандар 48 мыңнан асып кетті. Елде пневмония дерті де өршіп, мыңдаған адам осы аурумен ауырып жатыр. Жыл басынан бері елді 1772 адам пневмониядан қайтыс болған. Оның 628-і маусым айында көз жұмған. Пневмонияға шалдыққандардың біразының анализінен коронавирус табылмаса да, министрлік оларды COVID-19 хаттамасымен емдеп жатыр. Сарапшылардың көбі пневмонияның өсуіне де коронавирус әсер етті деп санайды.