COVID-19 індеті мен пневмонияның біріктірілген статистикасын денсаулық сақтау министрлігі 2 тамыз күні жариялайды. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлады.
Қожахметовтың сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 бен коронавирустық пневмония кодтарын ақпараттық жүйеге 1 тамыздан бастап енгізе бастаған, ал статистиканы жариялау үшін толық тәулік керек.
Ресми өкіл денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың “Covid пен пневмония статистикаларын біріктіру” тақырыбындағы 1 тамызға белгіленген баспасөз мәслихатының кейінге қалдырылуын осымен байланыстырды.
“Дерек тек ертең жарияланатын болғандықтан, бүгін шығып әдістемені енгіздік деп айту дұрыс болмас еді. Жаңартылған статистиканы 2 тамыз күні береміз. Сонда ПТР анализі оң және ПТР нәтижесі теріс бірақ ұқсас белгілері бар коронавирус жағдайларының 1 тамыздағы саны жөнінде нақты ақпарат болады. Біз оларды “ықтимал жағдайлар” деп атаймыз”, деді ДСМ өкілі.
Қожахметовтың айтуынша, 2 тамыздан бастап күн сайын төрт дерек жарияланады:
- Коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайлары;
- Жаңа “ықтимал жағдайлар”, яғни ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша Covid-ке ұқсайтын жағдайлар;
- Коронавирустан қайтыс болғандар саны;
- Коронавирустың “ықтимал жағдайларынан” қайтыс болғандар саны.
Министрлік коронавирустан қайтыс болғандар санын аптасына бір рет жариялау форматына көшкен. Мұны мекеме басшылары жергілікті комиссиялардың ақпаратты өңдеп үлгере алмай жатқанымен түсіндірді. Комиссияның бұдан былай үлгеретіні-үлгермейтіні айтылмады. Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар дерегіне коронавирус жұқтырып бірақ “ілеспе аурудан көз жұмды” деген жүздеген адам және вирустық пневмониядан өлген мыңдаған адам кірмей қалды.